Бүгіннен бастап елдегі барлық валюта айырбастау пункттері сыртқа қойылған валюта бағамын көрсететін электронды таблосын алып тастауы тиіс деп хабарлайды Ertenmedia.
Ұлттық банк бекіткен жаңа ережеге сәйкес, айырбастау бағамдарын ғимараттың қасбетіне, шатырына, терезелеріне және кез келген сыртқы конструкцияларға орнатуға тыйым салынды.
Мұндай талап тек әуежай, вокзал, казино, ірі бизнес орталықтары және шекаралық өткізу бекеттеріндегі пунктерге ғана қолданылмайды.
Енді валюта бағамы туралы ақпаратты тек айырбастау пункттерінің ішінде кассаның жанындағы арнайы стендтен көруге болады.
Стенд көлемі кем дегенде 40х40 сантиметр болуы тиіс. Ұлттық банк бұл өзгеріс валюта нарығындағы қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етеді әрі жол бойындағы тәртіпсіздіктің алдын алады деп есептейді.
Бұған дейін Ұлттық банктің ақша жымқырумен күрес аясында валюта және алтын құймаларын сатып алатын клиенттерді анықтаудың жаңа тәртібін енгізуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.
Сондай-ақ оффшорлық аймақтардың тізімін кеңейту және кейбір клиенттер үшін биометриялық сәйкестендіру жүйесін енгізу мәселесі де талқылануда.