Премьердің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева елге үндеу жасап, қоғам тыныштығын бұзғысы келетін арандатушылардан сақ болуға шақырды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Вице-премьер мәлімдемесінде ел азаматтары тарихи кезеңді бастан кешіріп отырғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа Конституция жобасын талқылау мемлекеттің алдағы онжылдықтағы даму бағытын айқындайтын аса маңызды саяси процесс.
«Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желілерде кейбір пиғылы теріс адамдар белсенді әрекет етіп, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға тырысуда. Олар жалған аккаунттар мен парақшалар ашып, қоғамды адастыруға, жалған ақпарат таратуға кіріскен», – деді Аида Балаева.
Министрдің айтуынша, арандатушылардың арасында белгілі тұлғалардың атынан жалған аккаунт ашып, жұртты шатастырушылар көбейген.
«Мысалы, әлеуметтік желілерде Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және басқа да танымал адамдардың жалған аккаунттары пайда болып, сол арқылы тіл мәселесі, жер сату секілді сезімтал тақырыптарға қатысты арандатушы жазбалар мен үндеулер таратылуда. Сонымен қатар, елде ірі митингтер мен наразылық шаралары өтіп жатқаны туралы да өтірік ақпараттар тараған. Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап талқылау әрекеті де орын алуда», – деп атап өтті вице-премьер.
Оның айтуынша, БАҚ өкілдері мен танымал пабликтерден техникалық шабуылдар жөнінде де шағымдар келіп түскен.
«Қазір біз уәкілетті орган ретінде бұл жағдайды жан-жақты зерттеп жатырмыз. Сондықтан баршаңызды тек ресми ақпаратқа ғана сеніп, жалған ақпараттың таралуына жол бермеуге шақырамын», – деді Аида Балаева.
Вице-премьер жалған ақпарат тарату мен арандатушылық әрекеттері үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік барын еске салды.
Бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Ішкі істер министрлігіне жаңа Конституция жобасына қатысты жалған ақпарат таратқандарға қатаң шара қолдануды тапсырған еді. Артынша Ата заңның кейбір баптарын сынаған белсендінің үстінен іс қозғалып, оған 85 мың айыппұл салынған болатын.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

