Астанада Қазақстанның жаңа Конституциясының арнайы басылымын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті. Жаңа Ата заңның арнайы даналары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жазған хатымен бірге шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелеріне берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Арнайы басылымды Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева табыстады. Ол өз сөзінде жаңа Конституцияның қабылдануы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы бастаған саяси және қоғамдық жаңғырулардың заңды жалғасы екенін атап өтті.
Аида Балаеваның айтуынша, Конституцияның маңызы тек құқықтық нормалармен өлшенбейді. Оның басты мәні құжаттың өзегіне айналған құндылықтарда жатыр. Жаңа редакция елдің саяси бағытын ғана емес, қоғамның рухани, мәдени және азаматтық жауапкершілік өлшемін де айқындайды.
Премьер-министрдің орынбасары мәдениет, ғылым және білімнің негізгі конституциялық құндылықтар қатарына енгізілуін аса маңызды жаңалық деп атады. Оның сөзінше, ұлттық мәдениетті мемлекеттік қолдау және тарихи-мәдени мұраны сақтау алғаш рет мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі ретінде конституциялық деңгейде бекітілді.
Сонымен қатар жаңа Конституцияда әрбір азаматтың тарихи-мәдени мұраға ұқыпты қарауға, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғауға міндетті екені нақты көрсетілген. Аида Балаева мұны терең мәні бар өзгеріс деп бағалады.
Оның айтуынша, мәдени мұраны сақтау тек мемлекеттің міндеті емес. Бұл бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Өйткені ұлттық болмысты, тарихи жадты және рухани сабақтастықты қорғау елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін ерекше маңызды.

Жиында жаңа Конституцияның идеялық негізінде Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық қағидаттары жатқанын айтылды.
Кездесу барысында отбасы институтының құқықтық негіздері де сөз болды. Жаңа Конституцияда отбасы құндылығын қорғау, қоғам үшін маңызды ұстанымдарды сақтау және азаматтардың жауапкершілігін күшейту бағытындағы кепілдіктер нақтыланған.
Еске сала кетейік, Қазақстанның жаңа Конституциясы 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдум қорытындысы бойынша қабылданды. Құжат 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді.
Жаңа Конституция елдің саяси және қоғамдық дамуына құқықтық негіз қалыптастырып қана қоймай, мәдениетке, ғылымға, білімге және отбасы құндылығына берілген конституциялық мәртебені күшейтетін тарихи құжат ретінде бағаланып отыр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







