Қаңтар қаралы басталды. Әскер қатарындағы төрт бірдей сарбаздың жұмбақ өлімі Қорғаныс министрлігіндегі біраз шендіні орнынан қозғады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Министр Дәурен Қосановтың тапсырмасымен әскердегі жеке құрамның психологиялық ахуалын тексеру үшін барлық бөлімге арнайы комиссия аттанғанын бұған дейін жазғанбыз.
Тексеріс қорытындысында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының басшысы, штаб бастығы мен тәрбие және идеологияға жауапты орынбасар тәртіптік жазаға тартылыпты.
Жауынгер қаза тапқан әскери бөлімнің командирі, оның орынбасары және батальон командирі қызметтен қуылған.
«Қорғанмин жедел шараларды қолға алып, казармаларда тәулік бойы қадағалау енгізді. Әскери тәртіп күшейтіліп, жауынгерлердің жаттығу мен атыс кезіндегі қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынды. Сарбаздар енді жақындарымен видеобайланыс арқылы сөйлесіп тұрады, ал командирлер әрбір ата-анамен тікелей байланыс орнатуға міндеттелді»,- дейді осы ведымство.
Айта кетелік…
Кеше Жамбыл облысында тағы бір сарбаз қаза тапты. Ол атыс кезінде ажал құшқан. Қазір оқиға бойынша тергеу басталды. Бұған дейінгі үш аптада әскерде үш қайғылы оқиға болған еді.
7 қаңтарда Шымкентте Ұлттық ұланның сарбазы лейкоздың асқынған түрінен көз жұмса, 14 қаңтарда Ақтау гарнизонында кіші сержантты әскери КамАЗ басып өлтірген. Ал 23 қаңтарда Өскемендегі әскери бөлімде күзетте тұрған сарбаз қарудан өзіне оқ атып, сол жерде жан тапсырған.
Қосанов қайда қарап отыр?
Желідегі қауым Қорғанмин Қосановтың әскердегі әлімжеттік мәселесінен хабарсыз қалғанына қайран қалып отыр. Ertenmedia-ға жеткен мәлімет бойынша соңғы үш жылда ғана Қазақстан армиясында 270 сарбаз көз жұмса, олардың 86-сының өлімі «суи..ид» деп көрсетілген.
Қаза болғандардың басым бөлігі міндетті қызметке шақырылған 18–19 жастағы бозбалалар. Бірінің қазасы әскери жаттығудағы «абайсыздықтан» болса, енді бірі шекара заставасында «бензин буымен уланып», көз жұмған. Кей сарбаз ауыр дертпен әскер қатарына шақырылып, медициналық көмектің жоқтығынан бақилық болған. «Өзіне қол жұ..сады» деген себеппен істі тез жауып тастаған жағдай да жиі кездеседі.
Түнеукүні Қорғаныс министрлігінің алдына митинге шыққан аналары мұндай аргументпен келіспейтінін алға тартқан еді. Олар балаларының ешқандай күйзеліске ұшырамағанын, керісінше әскердегі зорлық-зомбылық құрбаны болғанын айтқан.
Ашынған аналардың митингі Тоқаевқа жетіп, Президент сарбаз өліміне қатысты істерді Бас прокурордың мойнына артқан. Қазір әскердегі тәртіп пен қауіпсіздік мәселесі президенттің жеке бақылауында тұр.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

