Еуроодақ Ресейге қарсы санкциялардың 19-шы пакетін бекітіп, тізімге ВТБ (Қазақстан) банкін енгізді. Сарапшылар мұны Қазақстанның банк секторына жасалған қатаң ескерту ретінде қабылдап отыр, деп хабарлайды Ertenmedia.
Forbes-қа пікір білдірген экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, су жаңа санкцияның сипаты бұрынғыдан бөлек әрі қауіп-қатері көп.
«Әзірге бізді Құдай сақтап тұр, дүлей дауылдан аман қалдық. Дегенмен мұны Қазақстанның банк секторына бағытталған сигнал деп қабылдау керек. Бұған дейінгі санкцияның көпшілігі көзалдау, тиіп-қашып жасалған шара секілді еді. Кремль көбіне-көп мұндай шымшыма шектеуді мизей бермейтін. Бұл жолы Батыстың мәселені тереңірек зерттеп, барынша қатаң шараға көшкені байқалады», – дейді сарапшы.
Бейсембаевтың айтуынша, ВТБ банкінің жазаға тартылуы Қазақстанның қаржы жүйесі үшін соншалықты ауыр соққы емес. Банк 2022 жылы-ақ әмірикалық санкцияға шет-жағалай ілігіп үлгерген. Оған қарағанда, былтыр санкция салдарынан ел нарығынан біржола кеткен Сбербанктің ықпалы әлдеқайда күшті еді.
«Сбербанк Қазақстанда капитализация жағынан екінші орында тұрған. Оның нарықтан ығысуы кәдімгідей білінді.
Дәл осындай санкция еліміздің банк нарығында жетекші орынға ие Kaspi-ге салынса, дүрбелеңнің көкесі сонда болар еді. Елде аласапыран болып, қаржы жүйесінің астаң-кестеңі шығар еді.
Бюджет қаражатының басым бөлігі өтетін Halyk банк санкцияға ұшыраса, оның салдарын тіпті елестету де қиын. Мойындау керек, біз мұндай сценарийге мүлде дайын емеспіз», – дейді экономист.
Бейсембаев қазақстандық банктерге аса сақ болуды ескертіп отыр. Оның болжамынша, дүлей дауыл қайта айналып соғады. Келесі санкцияның орбитасына қазақстандық банктер де ілігіп кетуі мүмкін.
«Оған себеп болатын фактор жетіп артылады. Ел ішінде қазақстандық банктердің картасын рәсімдеп, артынша Ресейге аттандыратын арнайы компаниялар бар.
Осы арқылы Ресей азаматтарына SWIFT, Visa мен Mastercard жүйесін қашықтан пайдалануға мүмкіндік беріп қойдық. Батыс саясаткерлерінің көзі соқыр, құлағы керең емес, бәрін көріп-біліп отыр.
Осы саңылау жедел түрде жабылмаса, ертең еліміздің ең ірі бес банкінің кез-келгені санкция тырнағына ілінеді. Босаңсуға әлі ерте. 20-шы және 21-ші санкция пакеті көкжиектен көрініп тұр…», – деп ескерткен екен сарапшы.
Ertenmedia-да бұған дейін Ресей армиясын «асырап» отырған «Лукойл» мен «Роснефтьтің» санкция тұзағына түскенін жазған еді. Толығырақ телеграм-арнамыздан оқыңыз.

