Жамбыл облысында оқушылар өлімінен кейін бірқатар шенеунікке қатаң сөгіс берілді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жаңа оқу жылы басталғалы облыста жасөспірімдер арасындағы ауыр қылмыс көбейген. Соңғы екі аптада аймақта үш қайғылы оқиға болды.
Бүгін Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9-сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, ажал құшты. Бұған дейін, 12 қыркүйек күні Шу ауданына қарасты Көкқайнар ауылында футбол матчынан кейін 11-сыныптың оқушысы жеңілістің ашуын 10-сынып оқушысынан алып, соққыға жыққан. Жасөспірім жедел жәрдем жеткенше жан тапсырды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бұған дейін де жасөспірімдер арасындағы қылмысты азайтуға байланысты нақты тапсырма бергенін, алайда жауапты тұлғалардың әрекетінен нәтиже байқалмай отырғанын айтып ақталды.
Аймақ басшысы әрбір ауылдық округке жеке учаскелік полиция қызметкерін бекітуді және бос орындарға тез арада маман тағайындауды тапсырды.
Жиын қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемовке жай сөгіс, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековке, Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібековке, облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубековке, сондай-ақ әлеуметтік саланы басқаратын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова мен Шу ауданы әкімінің орынбасары Найман Сұлтанбаевқа қатаң сөгіс берілді.
Қарашөкеев Тараз қалалық және Шу аудандық білім бөлімдерінің басшыларын қызметіне сәйкестігін тексеруді талап етіп отыр.
Бұдан бөлек, жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында арнайы мониторингтік топ құрылмақ. Топ негізінен жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттерінің құқықтық сауатын арттырып, құқықбұзушылықтың ауыр зардаптарын түсіндіруге ден қоймақшы. Жұмыстың нәтижесіне қала және аудан әкімдері тікелей жауапты болады.
Белгілі журналист Асқар Бековтың айтуынша Тараздағы жағдай осыдан 25 жыл бұрынғы ахуалдан өзгерген жоқ.
«Жамбыл билігі құқық қорғау органдармен бірге бұл мәселені «жылдам шешетініне» күмән жоқ. Бәрін ұсталған балаға жаба салады… Білім ордасының директоры тез арада «оқиға мектеп аумағында болмаған» деп ақпарат таратып, басын ала қашады.
Шын мәнінде (өңірдегі) мектептің бәрінде, әсіресе жоғарғы сынып оқушылары арасында «бардак».
Ақша жинау, әлсіздерді қорқыту. Неге осы қарапайым, белгілі жайттарды жылдар бойы шеше алмаймыз, әкім мырза?», — дейді әріптесіміз.
Бұған дейін Ertenmedia «Қарашөкеевтің тұсындағы Тараз 90-шы жылдарға қайта оралып жатқанын» жазған еді.