Алматылық желі қолданушысы Роза Есенқұлова электромобиль ұстауға кететін нақты шығынды жариялап, оны бензинмен жүретін көлікпен салыстырды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Оның айтуынша, электрокөлік айына шамамен үш рет қуатталады. Әр қуаттау 4-4,5 мың теңгеге түседі. Осылайша жылдық зарядтау шығыны 162 мың теңгеге жетеді. Оған сауда орталықтарындағы автотұраққа 24 мың теңге, көлік жууға 70 мың теңге қосылады. Роза Есенқұлованың есебінше, мұның жиынтық көлемі жылына 256 мың теңге шамасында. Күніне шаққанда шамамен 700 теңге шығады.
Одан бөлек, көлікті мобильді қосымша арқылы басқару үшін ай сайын шамамен 5 мың теңге байланысқа жұмсалады. Яғни электромобиль иесі үшін негізгі тұрақты шығын зарядтау, жуу және кейбір қосымша цифрлық қызметпен шектеліп отыр.
Оның сөзінше, үнем тек жанармайдан ғана көрінбейді. Электрокөлік иесі көлік салығын төлемейді, техникалық қызмет көрсетуге тұрақты түрде қаржы шығармайды, қаладағы бірқатар автотұрақты тегін пайдалана алады. Сондай-ақ Шымбұлаққа тегін бару мүмкіндігі де артықшылықтың бірі ретінде аталған. Төлем көбіне жекеменшік және жабық тұрақтарға ғана кетеді. Оның өзі аптасына шамамен 500-600 теңге көлемінде.
Роза Есенқұлова бұған дейін 2 литрлік қозғалтқышы бар бензин көлігін тізгіндегенін айтты. Ол кезде әр 10 күн сайын жанармайға 15 мың теңге жұмсап отырған. Айлық шығын 45-50 мың теңгеге, ал жылдық көлем 500-600 мың теңгеге дейін жеткен. Оның үстіне ақылы автотұрақ, техникалық қызмет және салық тағы бар.
Осы есептің бәрін салыстырған көлік иесі электромобильді ұстау шығыны бензин көлігіне қарағанда шамамен үш есе арзан екенін жазады. Әсіресе қала ішінде жүретін адам үшін айырма анық сезіледі. Бір жағында жанармай, май ауыстыру, салық пен сервис шығыны тұрса, екінші жағында әлдеқайда ықшам күнделікті шығын қалып отыр.
Айтқандай, жол апаты кезінде сыналатын краш-манекендер кейде өздері отырған көліктен де қымбат тұратынын білесіз бе?
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







