Қаржымин келесі жылдан бастап азаматтардың табысы мен шығынын мұқият салыстыра бастайды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа жүйені Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Астанада өткен жиында таныстырды. Айтуынша, меморгандар енді азаматтардың қайда ұшып-қонғанын, оған қанша ақша жұмсағанын, қандай мүлік сатып алғанын, тіпті бүкмекерге бәс тіккеніне дейін жіті бақылайды. Бастама салықтан жалтаратындарды анықтауға бағытталған.
Шенділердің шетелден әкелген мүлкіне қатысты қойылған сауалға вице-министр жаңа бақылау жүйесі тек мемлекеттік қызметшіге ғана емес, бүкіл халыққа тарайтынын жеткізді.
Келесі жылдан бастап ортақ база қалыптасады
«Айталық, бір шенеунік жылына 2 миллион теңгеге ұшып, 5 миллионға тауар алып келсе, бірақ айлығы небәрі 1 миллион теңге болса, мұндайда не істейсіздер?» деген сауал қойылды.
«Біз алдымен азаматтардың шетелден сатып алған мүлкі мен шығынын қараймыз. Азамат шетелге жиі-жиі ұшса, ақшаны сыртқа шығара ма, оны декларацияда көрсетті ме, осыған басымдық береміз. Егер оның қосағы мүлікті декларацияда көрсетсе, ешқандай мәселе жоқ. Бірақ жұбайының мемлекеттік қызметші екенін ескерсек, тексеріс міндетті түрде болады. Келесі жылдан бастап азаматтардың табысы мен шығынын салыстыру осы сызба бойынша жүреді», – деді Біржанов.
Вице-министрдің айтуынша, деректер тек былтырдан бастап жинақтала бастаған. Сондықтан салық органдары нақты тексеріске тек 2027 жылы бастап кіріседі.
«Қазір барлық мәлімет бір жерге жиналмай, шашырап жатыр. Басқа мемлекеттік органдардағы деректі алу үшін заңнамалық өзгеріс керек, ортақ бұйрық керек, жүйені интеграциялау қажет. Кенеттен тексере салуға болмайды, себебі деректерде сәйкессіздік көп болады. Сондықтан осыған дейін кезең-кезеңімен валюталық бақылау, маркетплейстер мен мобильді аударымдарды реттеп алдық. Соңғы 2-3 жыл бойы осы мәселеге ден қойып келеміз. Қазір деректерге толық жақындап, талдауды бастамақпыз», – деді ол.
Егер азамат декларацияда табысын 50 миллион теңге деп көрсетіп, бірақ шын мәнінде 100 миллион теңгеге тауар алса, оны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мамандары тексеруге алуы мүмкін.
Айта кетелік, бұған дейін Мемлекет басшысы Салық кодексіне қоғамның пікірін ескере отырып, қажетті өзгеріс енгізуді тапсырған.
«Салық кодексі Құран сөзі емес. Оған өзгеріс енгізуге әбден болады. Халықтың сындарлы ұсыныстарын мұқият зерделеу керек», – деген еді Президент. Жаңа Салық кодексі 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

