Тәуелсіздік күні қарсаңында Алакөл ауданының Лепсі ауылында жаңа көпфункционалды спорт кешені мен жатақхана пайдалануға берілді, деп жазады Ertenmedia.kz.
Нысанның игілігін Лепсі спорт мектебінің балалары пайдаланатын болады.
Жаңа кешеннің ашылуына облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов, «ZHERSU» ИПК Бақылау кеңесінің төрағасы, кәсіпкер меценат Бауыржан Оспанов, Мәжіліс депутаты Данияр Қасқарауов, Олимпиада чемпиондары Ермахан Ыбрайымов, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Нұрбек Оралбай, Демеу Жадыраев, Назым Қызайбай, Нұрмахан Тыналиев, және басқа да атақты спортшылар, ауыл тұрғындары қатысты.
Салтанатты шарада Диас Рахметов облыс әкімінің атынан құттықтау сөз сөйлеп, өңірде спорт саласын дамытуға жасалып отырған жағдайларға қысқаша тоқталды.
– Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес, облыс құрылғаннан бері 32 жаңа спорт нысаны салынды, 3 нысан күрделі жөндеуден өтті. Жыл соңына дейін тағы 3 спорт нысанын іске қосу жоспарлануда. Лепсі ауылында ашылған бұл кешен – оқу-жаттығу базасы мен жатақханасы бір аумақта орналасқан толыққанды спорттық инфрақұрылым. Ол ауыл жастарына үлкен мүмкіндік беріп, болашақ чемпиондардың өсіп шығуына жол ашады деп сенеміз– деді ол.
Спорт кешені 160 орындық, ал жатақханасы 244 орынға арналған. Бұл жаңа нысан бюджет қаржысына салынған. Сол сияқты «ZHERSU» ИПК тарапынан жоба аясында қарастырылмаған қосымша құрал-жабдықтарды сатып алуға демеушілік көмек көрсетуде.
Қазір спорт мектебінде спорттың 5 түрінен – грек-рим күресі, бокс, еркін күрес, дзюдо, шаңғымен сырғанаудан жүз елу спортта дарынды баланы 10 жаттықтырушы жаттықтырады. Алдағы қосымша спорттың футбол, баскетбол, волейбол түрлерінен жаттықтырушылар тарту жоспарланып отыр.
Көпфункционалды спорт кешені төрт негізгі блоктан тұрады. Атап айтқанда, кешен құрамында татами төселген күрес залы, жекпе-жекке арналған мамандандырылған залы, волейбол мен баскетболға арналған ойын залдары, тренажер залы, душ және киім ауыстыру бөлмелері, дәрігер кабинеті, массаж бөлмесі, психолог кабинеті, конференц-зал және басқа да әкімшілік және қызметтік бөлмелер қарастырылған.

