Жуырда Тоқаев Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар Вячеслав Ким және Михаил Ломтадземен кездесті. ErtenMedia.kz-ға пікір білдірген экономист Нұрсұлтан Ерболатұлы онлайн сауданың дәурені жүріп тұрған шақта бұл кездесудің маңызы жоғары болғанын айтады. Президентпен кездесу барысында Kaspi.kz өкілдері алдағы жоспарларының шет жағасын да мәлімдеген.
«Бүгінде 700 мыңға жуық отандық кәсіпкер өз бизнесін Kaspi.kz технологияларының көмегімен дамытып жатыр. Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде тауарлар мен қызметтер үшін 12 триллион теңге көлемінде қолма-қол ақшасыз төлем жасалып, 150 мың жеке кәсіпкер тіркелген», — деді Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушылар.
Өз кезегінде Тоқаев Kaspi.kz акционерлеріне қолдау білдірді.
Сарапшы Нұрсұлтан Ерболатұлының атап өткеніндей, Президент биыл Kaspi акционерлерін екінші рет қабылдап отыр, бұл бекер емес. Отандық нарықтағы Kaspi экожүйесінің ықпалы зор. Еліміздегі «безналдың» сүбелі бөлігі осынау қаржы институты арқылы өтеді. Салық пен айыппұлды бюджетке аударуға келгенде Үкіметке дәл осы банктей болысып отырған қаржы құрылымдары кемде-кем.
Дегенмен, Kaspi-дің топ-менеджерлерін алаңдатып отырған қауіп-қатерлер де жоқ емес.
ErtenMedia тілшісімен сауалдасқан Нұрсұлтан Ерболатұлы кейінгі кезде Kaspi.kz электронды сауда нарығында өз орнын біртіндеп ресейлік ірі компанияларға бере бастағанын айтады. Өйткені Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мәліметінше, 2021 жылы ішкі нарықта Kaspi.kz үлесі 97,2% болса, 2023 жылдың І жартыжылдығында оның үлесі 77,1%-ға дейін төмендеген.
«Мұның себебі айдан анық. Нарыққа ресейлік ірі «ойыншылар» араласа бастады. Ломтадзені ішкі нарыққа ресейлік алпауыттардың еркін еніп кетуі алаңдатып отыр. Басты әрі ірі екі «ойыншы»- ресейлік Ozon мен Wildberries. Wildberries қазақстандық нарыққа кіргеннен кейін 2022 жылы электронды сауда нарығының 15,2% үлесін алса, 2023 жылдың 6 айында оның үлесі 17,2%-ға дейін жеткен. Ал Ozon онлайн дүкені Қазақстан нарығына енді ене бастады», — дейді сарапшы бұл турасында.
Нұрсұлтан Ерболатұлының мәлім еткеніндей, ресейлік Wildberries бүгінде Қазақстан нарығына белсенді түрде инвестиция салып жатыр.
Мәселен, Астанада аумағы 150 мың шаршы метр, құны 50 миллиард теңге болатын ірі қоймасының құрылысы жүріп жатса, 2025 жылға қарай Алматыда 100 мың шаршы метр болатын логистикалық қойма құрылысын аяқтауды көздеп отыр екен. Ozon онлайн сауда дүкені де Алматы қаласында 42 мың шаршы метр болатын логистикалық қоймасының құрылысын бастап кеткен.
«Ресейлік алып маркетплейстер Қазақстан нарығына белсенді түрде енуде. Бұл дегеніміз олардың ішкі электронды сауда нарығында Jusan market, Halyk market және ForteMarket секілді отандық ұсақ онлайн сауда алаңдарын ысырып, Kaspi-дің үлесін айтарлықтай түсіріп, ішкі нарықта монополияға айналу қаупі бар дегенді де білдіреді. Мұның отандық тауар өндірушілерге де қаупі жоқ емес. Олар онлайн сауда алаңдарына өз тауарларын сатуда қиындықтарға тап болуы мүмкін. Сондай-ақ, ішкі нарыққа шетелдік тауар өндірушілердің өнімдері еркін кіріп, отандық өндірушілер сырт қалып, импорт және экспорт саласындағы теңгерім бұзылуы да ғажап емес», — дейді алдағы экономикалық ахуалға болжам жасаған маман.
Бұл тенденцияның қауіпті тұсы да жоқ емес. Экономист пікірінше, келешекте сан соқпаудың жалғыз жолы — мемлекет пен ішкі нарықтағы онлайн сауда «ойыншыларының» біріге отырып жұмыс істеуі.
«Шетелдік алып маркетплейстердің инфрақұрлымға инвестиция құюға мүмкіндігі толық жететіні жасырын емес. Олардың тауар жеткізу схемасы бір ізге түскен, логистикалық заманауи қоймалары бар және IT бойынша жасақталған онлайн платформалары жүйеленген. Бұл тұста сарапшылар ішкі нарықты қорғау керек екенін, соның ішінде онлайн сауда алаңдарына, онлайн дүкендерге Үкімет қолдауы қажет екенін баса айтады. Ішкі нарықты қорғау үшін заңнамалық түзетулер, сырттан келген ойыншыларға шектеулер мен тиымдар да қажет. Бұдан бөлек, ішкі онлайн сауда «ойыншыларына» инфрақұрлымдық жобаларды қолдау, логистикалық тізбекті жетілдіру, IT шешімдер мен қаржылық қолдау көрсету арқылы отандың маркетплейстерді дамыту қажет», — деп түйіндеді сарапшы.