Астанада жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінгі күні рельстің 11 шақырымы төселіп, бетонмен нығайтылды. Бұл желінің эстакадалық бөлігінің жалпы ұзындығының 50%-ын құрайды,- деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Шпал төсеу және рельс монтаждау жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес барлық учаскеде жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмысы негізгі нысандардың – «Нұрлы жол» теміржол вокзалының, Халықаралық әуежайдың, Министрліктер үйінің және Республикалық бас мешіттің маңында жалғасуда.
Қазіргі уақытта барлық құрылыс және инженерлік жұмыс қалыпты режимде атқарылып жатыр.
Сонымен қатар, станциялар инфрақұрылымы мен электрмен жабдықтау жүйелерін дайындау жұмысы жүріп жатыр.
Астанадағы жеңіл рельсті көлікті сынақтық іске қосу 2025 жылдың қыркүйек айына жоспарланған.