Константин Малофеев өзінің Телеграм арнасында Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстандағы орыс тілінің жағдайына алаңдап, керісінше Қырғызстанды мақтап, ойын жазыпты. Осыдан біршама уақыт бұрын Тоқаев Ресейге жасаған сапарында бірнеше облыста орыс мектептері салынатынын айтқан еді. Бірақ Малофеевке бұл азыдық ететін сыңайлы, деп жазады Ertenmedia.kz.
Малофеев алдымен Солтүстік Кореяны мысалға келтіреді. Оның айтуынша, КХДР мектептерінде 4-сыныптан бастап орыс тілі міндетті пән ретінде енгізгенін айтып, сүйінші сұрапты. Солтүстік Кореядағы егде буын 1970-80 жылдары орыс тілін оқыған, кейін бұл дәстүр үзілген-ді. Енді олардың немерелері орыс тілімен қайта қауышыпты.
Мұны Малофеев «соғыста Ресеймен бірге болған одақтас елдің сыйластығы» ретінде түсіндіріпті. Яғни, саяси жақындасу мен әскери ынтымақтастық тіл саясатына да әсер етіпті-мыс.
Бұдан кейін пропагандист әңгімені Орталық Азия елдеріне бұрады. Малофеевтің пікірінше, аймақта орыс тілін мектепте міндетті түрде оқытатын жалғыз мемлекет Қырғызстан екен. Қалған Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзербайжанда ондай талап жоқ екенін айтып қынжылысын білдіріпті.
– Бұл елдер Ресейден әлдеқайда көп экономикалық пайда көріп отыр, бірақ соған лайық «құрмет» көрсетпейді, – деп Константин Малофеев экономикалық тәуелділік пен тіл саясатын ашық байланыстырған.
Оның ойынша, корей тәжірибесіне «сүйеніп» Орталық Азия елдерін де орыс тілін, орыс тарихын мектепте міндетті түрде оқыту керек екен.
Олай етпеген жағдайда орыстарды «жақсы көретін» корей мамандары Орталық Азиядан баратын еңбек мигранттарының орнын алмастырып, еңбек мигранттарын жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Осылайша Малофеев тіл саясатын қысым элементін қосып қойыпты.
Соңғы жылдары Ресейдің ақпарат кеңістігінде Қазақстанға, жалпы аймаққа қатысты осындай үндеулер жиілеп кеткені жасырын емес. Бірде орыс мектептерінің саны аз деп налыса, кириллицадан латынға көшті деп гөй-гөйлейтінін білеміз.
Күні кеше ғана Тоқаев Ресейге барған сапарында бірнеше облыста орыс мектептері салынып жатқанын айтқан еді. Бірақ Малофеевтерге бұл аздық ететін сықылды.
Қазақстанда орыс тілі онсыз да кең қолданысқа ие. Орыс мектептері, аралас мектептер, жоғары оқу орындарындағы бағдарламалар, медианың басым бөлігі бәрі орыс тілінде екенін Малофеев білмейді емес, біледі. Біле тұра осындай әңгіме айтады.
Бүгінде Орталық Азия елдері үшін тіл саясаты тәуелсіздіктің белгісі. Мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, ағылшын, түрік, қытай сияқты басқа да тілдерді дамыту әр елдің ішкі талқылауы мен ұзақ мерзімді стратегиясына байланысты шешімдер. Орыс тілі аймақ үшін әлі де маңызды. Қазір орыс тілі коммуникация тілі екенін баршаға аян. Бірақ оны бәріне күштеп енгізу туралы сырттан айтылған ұсыныстардың ешқандай да мәні жоқ.

