Кремль Иранға жасырын жолмен шамамен 2,5 миллиард доллар қолма-қол ақша жөнелтіп, санкциядан қысылған әрі ел ішіндегі наразылықтан шатқаяқтаған аятолла Хаменеидің билігін қолдап келген.
Британиялық The Telegraph құпия құжаттарды қопарып, осындай сенсациялық инсайдты жариялады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
The Telegraph ақпараты бойынша, Трамп әкімшілігі Иранға қарсы қатаң санкциялар енгізе бастағанда орыстардың «Промсвязьбанк» қаржы институты Тегеранға ірі көлемдегі қолма-қол ақшаны жасырын түрде жөнелтуге кіріскен.
Бес тонна доллар мен еуро
2018 жылы Ресейден Иранға салмағы бес тоннаға жуық доллар мен еуро банкноттары 34 бөлікке бөлініп, әрбір партия 57 миллионнан 115 миллион долларға дейінгі аралықта жіберіліп тұрған. Басылым қазіргі таңда да осы құпия тасымал жалғасып жатуы мүмкін деп топшылайды.
«Төлемдер екі елдің сіз бен біз ойлағаннан да жақын серіктес екенін көрсетіп отыр. Мәскеу мен Тегеран санкцияларды айналып өтіп, дәстүрлі қаржылық схемалардан қашып, қолма-қол ақша арқылы Иран билігін аман алып қалуға жанталасуда», – деп жазады The Telegraph.
Астыртын схема қалай жүзеге асқан?
Басылымның зерттеуінде ақша тасымалының алғаш рет 2018 жылдың тамызында жүзеге асқаны айтылады. Мәскеуден шыққан 110 келі банкнот алдымен пойызбен Астраханға жеткізіліп, одан ары Каспий теңізі арқылы Иранның Әмірабад портына жөнелтілген. Сол жерден ақша Тегерандағы Иран Орталық банкіне теміржол арқылы жеткізіліп отырған. Партиялардың (пәшкілердің) доллар немесе еуро болғаны нақтыланбаса да, құжаттарда барлық сомалар доллармен көрсетілген. Соңғы расталған тасымал 2018 жылдың қараша айында болған.
АҚШ Мемдепартаментінің парсы бағытындағы кеңесшісі Әриан Табатабайдың пікірінше, құпия ақша операциялары Иранның орыстарға жеткізген дроны, зымырандары мен өзге қару-жарағы үшін төленген болуы мүмкін.
Бұған дәлел «Промсвязьбанк» негізінен Кремль қорғаныс саласын қаржыландыруға маманданған. Сонымен қатар, осы ақша Ирандағы жаппай наразылық кезінде билігі әлсіреген Ислам революциясы сақшылары корпусының қолдауына да бағытталуы ықтимал.
«Екі ел де зіл батпан санкция астында қалғандықтан, Иран Swift жүйесінен толық ажырағандықтан, қолма-қол ақшаны қолданғаннан өзге амалы жоқ», – деп түсіндіреді Ариан Табатабай.
Құпия ақша тасымалы Иран Орталық банкін Әбдолнәсер Хеммати басқарып тұрған кезде болған. ҚХеммати осы креслоға қайта қонжиғасын, The Telegraph астыртын схема қайта іске қосылуы мүмкін деп пайымдайды.
Бұған дейін президент Тоқаев 2025 жылы бір ғана қазақстандық банк арқылы көрші мемлекеттен үшінші елдерге 7 трлн теңге аударылғанын мәлімдеген еді. Иранда не болып жатыр? Ол туралы осы жерден оқи аласыз.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

