Еңбек ететіндер жұмыссыздарды асырауға міндетті емес. Сөй деген Тоқаев әлеуметтік көмекті реттеуді тапсырды, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент үкімет мүшелерімен кездесуінде бюджет қаржысының әлеуметтік салаға тым көп жұмсалып жатқанын айтып, экономиканы ретке келтіру керектігін ескертті.
«Бір кезде бюджет шығынының 50 пайызы, ал Астана бойынша 60 пайызы әлеуметтік салаға жұмсалып кетті. Үкімет осы бағытты қайта қарап, шығындарды реттеуі қажет.
Бұл өте күрделі мәселе. Президент ретінде жауапкершілік менің мойнымда. Ашық айту менің міндетім.
Күн-түн демей еңбек ететін адамдар неге жұмыссыз отырған, өзінен екі-үш есе көп адамды асырауы тиіс?» – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Астананың өзінде статистикаға кірмеген 400 мың адам бар.
«Қала әкімдігі оларды орналастыруға, қызмет көрсетуге мәжбүр. Бұл бір қаланың халқымен тең көрсеткіш. Осындай олқылықтар экономиканы тежейді. Қазақстан әлеуметтік мемлекет, әлеуметтік көмектен ешқашан бас тартпаймыз. Бірақ көмек тек шынымен мұқтаж адамдарға берілуі тиіс. Жұмыс істей алатындар өзін ғана емес, отбасын да қамтамасыз етуі керек», – деді мемлекет басшысы.
Тоқаев импорт алмастыру мәселесіне де тоқталды. Оның пікірінше, ел барлық өнімді өзі шығара алмайды және оның қажеті де жоқ.
«Толық импорт алмастыру мүмкін емес. Біз халықаралық жүйеде өмір сүреміз. Сырттан тауар сатып аламыз. Бірақ өзімізді толық қамтамасыз ете алатын салалар бар. Құс етін өндіруде бұрын 65 пайыз болса, қазір үкімет оны 80 пайыз деп отыр. Бірақ мұны әлі де тексеру керек. Есеп үшін емес, нақты нәтиже үшін жұмыс істеген жөн. Құс шаруашылығында біз бұдан да жақсы көрсеткішке қол жеткізе аламыз», – деді президент.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу де президент назарынан тыс қалмады. Тоқаев ауыл шаруашылығы министрлігі тек өнім шығаруға, ал оны ішкі және сыртқы нарықтарға сатуға Сауда министрлігі жауап беруі тиіс деп нақтылады.
«Біздің фермерлер өз міндетін орындады. Енді сол өнімді дүкен сөрелеріне жеткізу үкіметтің шаруасы. Шаруаға нарық іздету дұрыс емес. Осы мәселемен тікелей министрліктер, нақты функционерлер айналысуы керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.