«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңы 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жаңа заң мәтінінде мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын қорғау бойынша бірқатар өзгерістер енгізілген және соған сәйкес жауапкершілік те жүктелген.
Қызметтік әдеп пен мінсіз беделге қойылатын талаптар
Атап айтқанда, мемлекеттік қызметші қызметтік әдепті сақтауға, мінсіз беделді ұстануға тиіс. Сонымен қатар жағымсыз қоғамдық резонанс туғызуға немесе мемлекеттік қызметке кір келтіруге қабілетті әрекеттер мен мінез-құлықтан тартынуға міндетті.
Мемлекеттік қызметшілерге қатысты көтермелеу шараларына тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын алу қосылды.
Лауазымдық өкілеттіктерді атқарумен байланысты емес, бірақ мемлекеттік қызметтің қадірі мен беделіне нұқсан келтіретін әрекеттер де, атап айтқанда: есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, прекурсорларды медициналық емес мақсатта тұтыну; көлік құралын алкогольдік және (немесе) есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқару мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар болады.
Тәртіптік жаза қолдану мерзімдері
Сондай-ақ, тәртіптік жазаны қолдану мерзімдері өзгерді, атап айтқанда:
1) ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап екі айдан;
2) сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап үш айдан;
3) қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап төрт айдан;
4) қызметке толық сай еместігі туралы ескерту, мемлекеттік қызметшінің лауазымдық деңгейін төмендету, сайланған мемлекеттік қызметшіні атқаратын лауазымына сай емес деп тану түріндегі тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты айдан аспауға тиіс.
Өз кезегінде тәртіптік жауаптылықты жеңілдететін мән-жайлар, тәртіптік жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар және тәртіптік жазамен байланысты емес құқықтық ықпал ету шаралары ұғымдары енгізілді.
Құқық бұзушылық профилактикасы қызметі (Әдеп жөніндегі уәкіл) мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметіне заңсыз араласу, лауазымдық міндеттерін атқаруымен байланысты оларға тағылған негізсіз айыптаулар, қудалау мен өзге де құқыққа қайшы әрекеттер мәселелері бойынша соттарда олардың мүдделерін білдіруді және қорғауды жүзеге асырады.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агентігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының бас маманы Сәдібек Нұрсұлтан Мұратәліұлы
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







