Кейбір БАҚ-та тараған «Мемлекеттік қызметшілерге кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат берілді» деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Бұл туралы Сенаттағы баспасөз-қызметінің қызметінің жетекшісі Данияр Рамазанов егжей-тегжейлі айтып берді.
Жуырда Сенатта мақұлданған заңда мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген тұлғалар туралы айтылған. Олардың қатарына мемлекеттік орган саналмайтын мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардағы басқарушылық қызмет атқаратын тұлғалар кіреді. Бұған мектептер мен ауруханалардың басшылары, «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясының қызметкерлері, сондай-ақ автомобиль жолдарында техникалық әрі авторлық қадағалауды жүзеге асыратын мамандар жатады.
Алайда, тіпті осы санаттағы тұлғалар үшін де заң белгілі бір шектеулер бекіткен:
кәсіпкерлікпен немесе басқа да ақылы қызметпен айналысу негізгі міндеттерді орындауға кедергі келтірсе;
қызметтік мүлік жеке мақсатта пайдаланылса;
мүдделер қақтығысы туындаса, оларға кәсіпкерлік қызметпен айналысуға қатаң тыйым салынады.
Осылайша, мемлекеттік қызметшілерге қойылған бұрынғы шектеулер өз күшінде қалады. Заңда бұл шектеулердің жойылуы туралы ешқандай өзгеріс жоқ.
Кәсіпкерлікпен айналысуға тыйым салу ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар, ұлттық және аймақтық даму институттары мен олардың еншілес ұйымдарының басшыларына да әрі қарай қолданылмақ.
Еске сала кетейік, Сенат мақұлдаған құжаттың толық атауы – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының шешімдерін орындау бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы». Заң сонымен қатар заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелерін де қамтиды.
Бұған дейін Мемкеңесшісі Ерлан Қарин президент Тоқаевқа парламент реформасына қатысты ұсыныстарды баяндаған еді.

