Қазақстанда педагогтердің пәндік білімін бағалауға бағытталған тестілеу ресми түрде тоқтатылды. Аттестация мұғалімдерді күйзеліске түсіретін формалды сынақ емес, керісінше оларға қолдау көрсететін жүйеге айналуы тиіс деп мәлімдеді Оқу-ағарту министрі деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, шешім ұстаздар қауымының көптеген шағымдары мен қазіргі ахуалды жан-жақты талдаудан кейін қабылданған.
«Аттестация мұғалімдерді жазалайтын құралға айналмауы керек. Мұғалімнің күнделікті еңбегін бағалайтын, бірақ денсаулығына зиян келтірмейтін жүйе болуы қажет. Өкінішке қарай, маған тестілеу кезінде қатты күйзеліске түскен мыңдаған мұғалімнен хат келеді. Жеке кездесулерде де педагогтер бұл мәселенің денсаулығына кері әсер ететінін жиі айтады», – деді Жұлдыз Сүлейменова.
Министрдің пікірінше, заманауи мұғалім балалардың психологиясы тез өзгеретін жағдайда үлкен эмоционалды жүктемемен жұмыс істейді. Мемлекет осыны ескеруі тиіс.
«Ашығын айтсақ, қырық минут бойы сынып алдында тұрып сабақ беру ерлікпен тең. Әр баланың өз мінезі мен психикалық ерекшелігі бар. Сондықтан ұстаздарды қинап, жазалайтын формалды процедуралардан толық бас тартуымыз керек. Аттестация мұғалімнің кәсіби өсуі мен біліктілігін дәлелдейтін қолдау механизмі болуы тиіс», – деп атап өтті министр.
Министрлік аттестация кезінде тестілеуден бас тарту мұғалімдердің шығармашылықпен жұмыс істеуіне, білім сапасына көңіл бөлуіне мүмкіндік береді деп сенеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







