Өткен жылы Жетісу облысының экономикасына 610,9 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жоспардың орындалуы бойынша өңір республикада төртінші орынға шықты, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жалпы инвестицияның 434,8 млрд теңгесі бюджеттен тыс қаражат есебінен қамтамасыз етілген. Инвестициялық белсенділік нақты жобалармен бекітілді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірде шамамен мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашқан 25 жоба іске асырылды.
Олар ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, көлік және логистика, жасыл энергетика, туризм және өзге де бағыттарды қамтиды. Осы жобалар арқылы экономика құрылымын әртараптандыруға және жергілікті еңбек нарығын кеңейтуге басымдық берілді.
Мемлекеттік қолдау шаралары да нәтижесін беріп отыр. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы дерекке сәйкес, облыста 63 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істейді. Кәсіпкерлік белсенділіктің өсуі өңірдегі ішкі сұраныстың, қызмет көрсету мен өндірістік кооперацияның біртіндеп қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.
Өткен жылдың соңында Талдықорған қаласында іске қосылған жаңа өндіріс нысандарының бірі электр жабдықтарына арналған бөлшектер шығаратын кәсіпорын болды. Жоба аясында 40-қа жуық жұмыс орны ашылып, 1 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған.
Кәсіпорын жүзге жуық өнім түрін өндіреді. Мұнда жобалау мен сызбаларды әзірлеуден бастап, бөлшектерді дайындау, құрастыру және сапаны бақылауға дейінгі барлық өндірістік цикл бір алаңда жүзеге асырылады.
Жетісу облысындағы осы көрсеткіштер инвестиция тарту мен кәсіпкерлікті қолдаудың жүйелі сипат алып келе жатқанын аңғартады. Өңір экономикасы жаңа өндірістер мен нақты жобалар арқылы біртіндеп нығайып келеді.
Жетісу облысында 2025 жылы 712 мың гектар жер қайта игеріліп, агросекторға серпін берілді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

