ҰҚК-нің Шекара қызметінің бұрынғы басшысы, кезінде Назарбаевтар әулетімен байланысы бар компанияға артықшылық берген генерал Дархан Ділманов бостандыққа шықты. Бұл туралы Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті мәлімдеді деп жазады Ertenmedia.
«Аталған азамат сот үкімімен белгіленген мерзімді толық өтеген соң босатылды», – деп нақтылады комитет өкілі.
Ділманов осыдан екі жарым жыл бұрын қызметін асыра пайдаланғаны үшін төрт жылға сотталған. Сот оны шенінен, марапаттарынан және бағалы мүлкінен айырған еді. Қамауда отырған мерзімі жаза мерзіміне есептелгендіктен, генерал мерзімінен бұрын еркіндікке шықты.
Ілгеріде атышулы болған бұл істің түбі Назарбаевтар отбасына тірелген. Генералдың үстінен қозғалған қылмыстық іс пандемия кезеңіндегі шекарадағы заңсыздыққа қатысты еді.
Сол уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы тұралап қалған тұста, генерал Ділманов «Eurotransit Cargo» компаниясы үшін арнайы «жасыл дәліз» ұйымдастырған.
Нәтижесінде компанияның жүк көліктері кеденнен еш кедергісіз өтіп, өзге тасымалдаушыларға қарағанда басымдыққа ие болған.
Кейін компанияның Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның отбасымен байланысы бар екені анықталған. Арнайы дәліздің арқасында олар 1750 жүк рейсін ұйымдастырып, 4 миллиард теңгеден астам табыс тапқан.
Мұндай әрекет нарықтағы өзге тасымалдаушыларды шетке ығыстырып, олардың наразылығын тудырған. Тергеу генералдың Назарбаевтармен байланысы бар фирма мүддесін заңсыз лоббилегенін анықтаған.
Осы іс бойынша Ділмановпен бірге тағы жеті адам сотталды. Барлығы өз кінәсін мойындады.
Солардың бірі логистикалық кешеннің иесі мемлекетке өз еркімен құны 5 миллиард теңгеден асатын мүлкін тапсырған.
Ділмановтан басқа сотталғандарға жеңілірек жаза кесілгенімен, оларға мемлекеттік қызметке жол түбегейлі жабылған.
Дархан Ділманов Шекара қызметінің басшылығына 2015 жылдың шілдесінде тағайындалып, 2022 жылдың сәуіріне дейін басқарды. Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай қызметінен кетуге мәжбүр болған.
Жаңа Қазақстанға ҰҚК-нің экс-басшысы Кәрім Мәсімовпен және оның төңірегіндегі бұрынғы генералдармен байланысы жоқ жаңа буын әскери басшылар қажет болды. Ал Ділманов дәл сол «ескі гвардияның» өкілі еді.
Ол 2022 жылдың маусымында қамауға алынған. Кейін сот шешіміне апелляция бергенімен, нәтиже шықпаған.