Кремль көсемі Владимир Путин экс-елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кремльдің баспасөз қызметі таратқан видеода Путин мен Назарбаев даңғарадай дөңгелек үстел басында әңгімелесіп отыр.
Ресей басшысы Әбішұлымен биыл мамыр айында ғана жүздескен болатын. Сол жолғы кездесу туралы сенат спикері Мәулен Әшімбаев пікір білдіріп, Назарбаевтың әлдеқашан пенсияға шыққан, елдің ішкі-сыртқы саясатына Тоқаевтың жауап беретінін айтқан.
Қазақстан президенті өткен айда ғана Ресейге екі күндік сапармен барып қайтқан еді. Путин Тоқаевқа риза болып, кейіннен кешкі шәйға шақырған. Путиннің пәтеріндегі протоколсыз кешке біз жеке тоқталғанбыз.
Жалпы әр желтоқсан сайын Мәскеуге ұшып кету Назарбаевтың сүйікті әдеті. Саясаткер Әміржан Қосановтың айтуынша экс-елбасы мен Кремль басшысының арасында жабық мәміле бар. Тоқаев осы мәміленің тұтқыны болып отыр. Сапар расымен жеке болса, кездесуді жария қылмай, құпия түрде өткізуге болатын еді.
«Алдағы сайлауда Тоқаевтың төңірегіне оңай болмайды. Жаңа Қазақстан жүрісінен жаңылып қалды, ал бұрынғы элита қолындағы қаржы мен саяси ресурсын пайдаланып, президент таңдаған кандидаттың аяғынан шалуы мүмкін», — дейді Қосанов.
Сәлден кейін Назарбаевтың баспасөз хатшысы байланысқа шығып, Мәскеу сапарын «көп жылғы достықтың белгісі» деп бағалауын күтіп отырмыз.

