Соңғы күндері жарияланған деректерде Назарбаевтың немересі, Тимур мен Динара Құлыбаевтардың ұлы Алтай Асқар 2019 жылы Кипр азаматтығын алғаны айтылды. Еуропада кеңінен талқыға түскен «алтын паспорт» бағдарламасына қатысқан ол құжатты бағдарлама жабылардан бірнеше ай бұрын рәсімдеген, деп жазды «Выход к морю».
Кипрдің инвесторларға азаматтық беру бағдарламасы 2013-2020 жылдар аралығында жүзеге асқан. Шетелдік ауқатты тұлғалар ел экономикасына инвестиция құю арқылы азаматтық алуға мүмкіндік алған.
Ақпарат көздері сол кезеңде басты өтініш беруші үшін құжат құны шамамен 2,5 млн еуро болғанын айтады. Ол кезде теңгемен есептегенде сома 1 млрд теңгеден асқан. Бағдарлама кейін дау-дамаймен жабылған болатын.
Al Jazeera секілді халықаралық медиалардың жүргізген зерттеулері нәтижесінде іздеуде жүрген тұлғаларға да паспорт берілген жағдайлар анықталған соң, Еуроодақ Кипр билігінен бағдарламаны тоқтатуды талап еткен.
Ақпарат жария болғаннан кейін Кипр үкіметі берілген азаматтықтардың бір бөлігін қайтарып алу процесін бастады. Қазірге дейін 150-ге жуық адамның құжаты жойылғаны айтылады.
Алтай Асқар аты аталған тізімге кірмесе де, оның шетелдік активтері жөніндегі деректер қызу талқыланып жатыр.
Ақпаратта Швейцарияда тұруға рұқсаты бар екені, сондай-ақ сол елде ORBI стартапына инвестиция салғаны жазылған. Құлыбаевтар отбасы Швейцариядағы Bellerive қамалына иелік ететіні бұрын да айтылған еді.
Алайда Женева прокуратурасы осы активті сатып алуға қатысты қаражаттың шығу тегіне байланысты тексеріс бастағаны хабарланды. Лозанна маңындағы Fleur du Lac қонақүйін қайта жаңартуға берілген рұқсаттың күшін жою туралы сот шешімі де қоғам назарын аудартты. Мұндай процестер шетелдік бақылау жүйесінің қаталдығын көрсетсе, ел ішінде ашықтық пен есептіліктің сұранысы артып отырғанын аңғартады.
Жекелеген тұлғалардың қаржысы мен мүлкі қай жерде болуы жеке құқық екені белгілі. Дегенмен қоғамда туған сауал басқа. Елде кәсіп жасап, табыс тауып, кейін сол капиталдың сыртқа кетуі, салықтың өзге елдерге төленуі әлеуметтік әділет туралы ойға қалдырады.
Қазақстандағы көпбалалы аналардың, аймақтардағы жұмыссыз жастардың, баспана кезегін күткен отбасылардың жайын білетін халық үшін мұндай жаңалық контраст тудырады. Ақша, актив, бедел туралы әңгіме айтылғанда қоғам моральдық өлшемді іздейді. Билікке жақын тұлғалардың мүлкі мен шетелдік бекіністері туралы ақпарат тараса, халық оны елдегі жағдаймен салыстырып оқиды.
Сонымен қатар Алтай Асқардың Ресейдегі активтері де сөз болды. Мәскеу-Сити кешеніндегі «Меркурий» мұнарасынан 114,5 шаршы метрлік пәтері бар екені айтылған. Сарапшылар оның құны 400 млн теңгеге жуық екенін жазады.
Бұдан бөлек, Дубайдағы Palm Jumeirah аралындағы Marina Residences кешенінен 633 шаршы метрлік апартаментке иелік ететіні жарияланды. Бүгіндегі бағамен есептегенде оның құны шамамен 2 млрд теңгеге бағаланады. Дубай соңғы жылдары посткеңестік кеңістіктен капитал ағылатын басты бағыттың біріне айналғаны белгілі. Мұндай ақпараттар жария болған сайын қоғамда «капиталдың елде қалып, халық игілігіне қызмет етуіне қалай жағдай жасаймыз» деген ой көтеріледі.

