Депутат Бапи мәжілістің мұнай кен орындары, әсіресе Қашаған бойынша жасалған өнімді бөлу туралы келісімді қайта қарауға дайындалып жатқанын мәлімдеді деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, Қашаған кен орнына қатысты ең өзекті мәселе мұнайдан түскен табысты әділ бөлу. Бұл тақырып қоғамда көптен бері қызу талқыланып келеді.
«Біз 90-жылдары жасалған келісімдердің ашықтығын талап етеміз. Ол кезде бүкіл қоғамның пікірінсіз, тек бір адамның шешімімен ғана өте күрделі әрі маңызды келісімшарттар жасалған. Осы құжаттардың артында қандай құпия тұрғанын халықтың білуге толық құқығы бар», – деді Бапи Мәжіліс кулуарында.
Контекст
Соңғы жылдары Тоқаев тарапынан Назарбаев дәуірінде қол қойылған бірқатар маңызды келісімдерді, соның ішінде 3 ірі мұнай кен орнын (Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған) игеру жөніндегі құжатты қайта қарауға деген талап күшейу үстінде.
Upstream-ның инсайдына сенсек, қазіргі саяси элитада бұған тікелей мүдделі шенеуніктер тобы пайда болған.
Үкімет маңындағы билігі де, құрығы да ұзын бір топ шенеунік мұнай саласындағы тиімсіз келісімдерді «Назарбаев билігінің мұрасы» деп есептейді.
Олар шетелдік инвесторларға берілген артықшылықтар мен қазіргі экономикалық талаптардың сәйкес еместігін, сол себепті Жаңа Қазақстанға тиімсіз талаптарды дереу «түзету қажет» деген көзқараста.
Бұл топтың негізгі уәжі ел табысын барынша арттырып, мұнайдан түсетін түсімді әділ бөлісу. Мемлекет басшысы шетелдік серіктестермен келісімдерді қайта қарау қажеттігін бірнеше рет айтқан.
Келіссөздер барысында мемлекет мүддесін бірінші орынға қойып, қазіргі қолданыстағы шарттарды «ел үшін тиімді негізде» өзгерту керектігін ескерткен. Ілгерідегі үш ірі жобаның инвесторлары ауысып кетуі мүмкін екенін меңзеген.
Айта кетелік, экс-президент күні кеше Мәскеуге сапарлап Кремль көсемімен жүздесіп қайтқан болатын.

