Қазақстанда қасіретті оқиғалардың көпшілігі қара күз бен қыс айында, әсіресе қараша мен желтоқсанда жиі орын алады деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Белгілі саясаткер Болат Әбілов өзінің пікірінде осылай деп атап өтті.
Айтуынша, 2005 жылдың қарашасында танымал мемлекет қайраткері Заманбек Нұрқаділов өз үйінде қастандықпен өлтірілген. Алайда қылмыстың орындаушысы да, тапсырыс беруші де әлі анықталмаған. Желтоқсан айы да халық есінде қанды оқиғамен қалған. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі, 2011 жылғы 16-17 желтоқсандағы Жаңаөзен трагедиясы осының айғағы.
Қаңтар мен ақпан да ел тарихында ауыр кезең ретінде сақталды: 2022 жылғы «Қаңтар» оқиғасы жұрт жадынан өшкен жоқ. Ал 2006 жылдың ақпанында «Ақ жол» партиясының тең төрағасы, танымал саясаткер Алтынбек Сәрсенбаев кісі қолынан қаза тапты.
Зымырап өткен 20 жыл…
Болат Әбілов Сәрсенбаевтың өмірден өткеніне 20 жыл толса да, қайғының табы әлі де басылмағанын айтады. «Сол оқиға кеше ғана болғандай, әлі күнге дейін есімізден кетпейді. Әлі күнге дейін «не үшін» деген жалғыз ғана сұрақ мазалайды да тұрады» – дейді саясаткер.
Оның айтуынша, Алтынбек Сәрсенбаев «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын құрушы тұлғалардың бірі болған. 1990-жылдардың ортасы мен соңында министр қызметін атқарған ол, елдің авторитарлық бағытқа түскенін ерте байқап, мұның жақсылыққа апармайтынын түсінген.
«Саясат пен экономикада билік тұтас бір әулеттің қолына өтті. БАҚ атаулы түгел сол отбасының бақылауында қалды. Президенттің күйеу баласы Рахат Әлиев күштік құрылым мен ақпарат құралдарын уысына жинап, өз билігін күшейте түсті», — деп еске алады Болат Әбілов.
Сәрсенбаев vs Әлиев
Сол кезде Алтынбек Сәрсенбаев Рахат Әлиевтің қайын атасы, экс-президент Назарбаевқа қарсы астыртын әрекет етіп жүргені туралы ақпарат жинаған.
«Алтынбек әлгі дәлелдерді алып, Марат Тәжинмен бірге президент Назарбаевқа барып, жағдайды баяндаған кезде Нұрекеңнің үрейден денесі дірілдеп, орнынан құлап қала жаздаған. Сонда Алтынбек пен Тәжин оны орындығына қайта отырғызып, ендігі әрекеттерді талқылаған. Алтынбек Рахатты дереу қамауға алып, оның айналасындағы адамдарды биліктен аластатуды ұсынған», – дейді Әбілов.
Оның пікірінше, Алтынбектің өліміне дәл осы оқиға себеп болуы әбден мүмкін. Себебі саясаткер президенттің бойындағы қорқыныш пен әлсіздікті өз көзімен көрген. Бірақ басқа себептің де болуы мүмкін екенін айтады.
«Алтынбек ешқашан радикал болмаған, зорлық-зомбылыққа немесе революциялық жолға шақырған емес. Сондықтан «оны не үшін өлтірді?» деген сұрақ әлі күнге жауапсыз қалып отыр. Арада 20 жыл өтті, бірақ тапсырыс беруші әлі анықталған жоқ», – дейді Әбілов.
Саясаткердің айтуынша, бұл ел тарихындағы ең ауыр саяси қылмыс. «Кімге тиімді болғаны, кімнің саяси қарсыласынан құтылғаны бәрімізге белгілі, бірақ осы туралы ашық айтылмай келеді. Алтынбектің өлімі ұлт үшін орны толмас қасірет, ауыр қайғы. Осы жиырма жылда Қазақстан Алтынбек сияқты тұлғаға қатты зәру», – деп түйіндеді Болат Әбілов.
Айта кетелік, бұған дейін саясаткер КСРО-ның экс-президенті Горбачевтан естіген ақиқатты жұртқа жеткізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

