Германияда әскери қызметке қатысты жаңа ереже талқыланып жатыр. Егер Бундестаг мақұлдаса, 2026 жылдан бастап 18 жасқа толған әрбір азамат анкета толтырып, медициналық тексерістен өтуге тиіс болады. Әскерге жеткілікті адам жиналмаса, жастарды әскерге міндетті шақыру да жоспарлануда. Жаңа ереже бойынша әскерге шақыруды 2008 жылы туған буыннан бастамақ. Әзірше неміс қоғамында бұл ұсынысқа қатысты пікірталас қызып тұр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Die Welt басылымының мәліметінше, 2022 жылдың мамырында Германияда 2008 жылы туған 340 мыңнан астам жас тұрған. Солардың ішінде 56 мыңнан астам бозбала Германия төлқұжатымен қатар басқа елдің азаматтығын да ұстаған.
Олардың арасында Ресей азаматтығы бар 3691 адам, ал Қазақстан паспорты бар 1620 жас тіркелген. Яғни, қазақ диаспорасы да бұл өзгерістің ықпалын сезінуі мүмкін. Сонымен қатар Түркия, Польша, Италия, Сербия, Марокко азаматтығын қатар ұстаған жастар да бар.
Жаңа ережеге сай, анкета толтырған кезде басқа ел азаматтығы міндетті түрде көрсетілуі қажет. Украинадағы соғыс жағдайында Ресей азаматтығы бар жастар үшін қосымша сұрақтар туындауы мүмкін.
Германия Қорғаныс министрлігінің өкілі берген түсініктемеде, ерікті болып әскери қызметке кіріскен әрбір жасқа «конституцияға адалдық тексерісі» жүргізіледі.
Заңгер Фердинанд Вебердің пікірінше, қос азаматтығы бар жастарды медициналық тексерістен кейін-ақ әскери қызметтен шеттету ықтимал.
Себебі бұл категорияға жататындар туралы қауіп пен тәуекел факторы көп. Бұл шешім әлі қабылданған жоқ, бірақ саяси талқылау күшейіп келеді.
Германия үшін бұл бастама әскери жүйені жаңарту және болашақ қауіптерге дайындық. Бірақ оған соғыстан кейінгі жаңа геосаяси ахуал да әсер етіп отыр.
Қазақстан азаматтығын сақтаған жастардың да ішінде Германияда туып-өскендері көп. Олар үшін бұл тек заңдық мәселе ғана емес, өз болашағын айқындайтын шешім болуы мүмкін. Диаспораның тағдыры мен құқықтарын сақтап қалу Қазақстан тарапы үшін де маңызды тақырыпқа айналуы ықтимал.

