Ішкі істер министрлігі өкілі «НеМолчи.kz» қоғамдық қорының шоттарының бұғатталуына қатысты жағдайды түсіндірді, — деп хабарлайды ErtenMedia.kz.
ІІМ мәліметінше, қор басшысы Динара Исмаиловаға (Дина Таңсәріге) қатысты алты қылмыстық іс тергелді, екеуі алаяқтық деректері бойынша. Былтыр 27 желтоқсанда оған айып тағылып, іздеу жарияланды.
«Тергеу барысында Смайылованың азаматтық жұбайының шотына жалған жарияланымдар мен заңсыз ақша жинау деректері анықталды. 2021 жылдан бастап Смайылова Қазақстаннан тыс жерде жүріп зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін ақша жинау туралы үнемі жариялап отырды. Мысалы, 2024 жылдың 1-21 ақпан аралығында Instagram әлеуметтік желісінде ол Қазақстандағы азаматтық жұбайының шотын және Грузиядағы банктік шотын көрсете отырып, қорға материалдық қолдау көрсетуді сұрайтын 10 жазба жариялады», — деп жазылған ІІМ хабарламасында.
Сондай-ақ, полицейлер заң бойынша қоғамдық қор жыл сайынғы аудиторлық тексерулер жүргізуге міндетті екенін еске салды, оның нәтижелері ашықтықты қамтамасыз ету үшін БАҚ-та жариялануға тиіс. Алайда қоғамдық қор құрылған сәттен бастап аудиторлық тексеріс жүргізілмеген, деректер жарияланбаған, осыған байланысты тергеу органы оның қызметіне аудиторлық зерттеу тағайындады.
«Аудиторлық тексеру Д. Смайылованың азаматтық жұбайы жеке шотына 56 миллион 123 мың теңге сомасына 7 мыңнан астам транзакция жасалғанын анықтады. Осы сомадан аудиторлар жәбірленушілердің адвокаттарына 5 миллион 608 мың теңгеге ақы төленгенін растайды, қалған сома қордың қызметіне байланысты емес қажеттіліктерге (дүкендер, мейрамханалар, «Кофе-бумдар», қонақ үйлер, дәріханалар, туыстарының шоттары және т.б.) жұмсалған», — деп мәлімдеді ІІМ.
Осы және басқа да деректерге алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексі нормаларының талаптарын қамтамасыз ету үшін кордың шоттарына тыйым салынды.
Айта кетейік, 2023 жылдың желтоқсанында қордың басшысы Дина Таңсәріге (Смайылова) іздеу жарияланды. Ақпарат Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу органдарының порталында пайда болды. Іздеумен Өскемен қаласының полиция басқармасы айналысып жатыр.