Украинаның Сыртқы істер министрлігі Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіздегі мұнай терминалына жасалған шабуылға байланысты Қазақстанның наразылығына жауап қатты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Украина тарапы Астананың алаңдаушылығын түсіністікпен қабылдайтынын айтып, өз әрекетінің Қазақстанға немесе басқа үшінші тарапқа бағытталмағанын жеткізді.
«Украин Қорғаныс күштерінің операциясы тек Мәскеудің әскери әлеуетін әлсіретуге арналған. Біздің басты мақсатымыз Қара теңіздегі тұрақсыздықтың негізгі себебі саналатын басқыншы елдің соғыс жүргізу мүмкіндігін азайту. Киев орыстардың агрессиясы мен халқымызға қарсы жасаған қылмысын тоқтату үшін стратегиялық тұрғыдан маңызды әскери нысандарға ғана соққы жасайды», – деді Украина СІМ.
Осы тұста министрлік Ақорданың Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындарға, азаматтық нысандарға және энергетикалық инфрақұрылымға жасаған шабуылын айыптайтын ресми мәлімдеме жасамағанын атап өтті.
«Бір күні бұрын ғана Кремль Украинаға қарсы тоғыз сағатқа созылған зымыран-дрон шабуылын жүзеге асырды, салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, ондаған адам жараланды. Киевтің кем дегенде 500 мың және Киев облысының 100 мыңнан астам тұрғыны жарықсыз қалды», — дейді ведомстві.
Сонымен қатар Украина тарапы Қазақстанды Ресейдің соғысты дереу тоқтатуына ықпал етуге шақырды.
«Қазақ халқына құрметіміз өзгермейді, екі елдің арасындағы тарихи байланысқа сай достық әрі прагматикалық қарым-қатынасты дамытуға мүдделіміз», – делінген Украина СІМ мәлімдемесінде.
Еске сала кетейік, 29 қараша күні таңғы сағат 06:06-да Астана уақытымен Каспий құбыр консорциумының Новороссийск портындағы теңіз терминалына дрондармен шабуыл жасалды. Салдарынан айтарлықтай зардап шеккен ВПУ-2 айлағы уақытша істен шыққан болатын.
Бұған дейін президент Тоқаев Ресей мен Украина арасындағы соғыста арағайындық миссияны мойнына алмағанын және осы қақтығыста өзін медиатор ретінде дәріптемейтінін мәлімдеген еді.
«Украинадағы соғыс өте күрделі мәселе, оны тым қарабайыр түсіндіріп, жеңіл шешуге болмайды. Қақтығыс жалғасқан сайын территориялық, тарихи, ұлттық, тілдік және саяси түйткілдер де көбейе түсуде. Әрине, қазір басты әрі күрделі мәселе территория.
Келіссөз үстеліне Киев Русінен бастап, «сыйға тартылған территорияға» дейінгі (Кремль пропагандасы жиі қолданатын, ред.) мәселелер шығып жатқандықтан, нақты нәтижеге қол жеткізу қиын болып тұр.
Дегенмен, келіссөздерді жалғастыру керек. Мұны БҰҰ Бас Ассамблеясында да айттым», – деп атап өткен Мемлекет басшысы.
Тұшымды контентті Ertenmedia-ның телеграм арнасынан оқыңыз.
Новороссийскідегі түнгі тосынсый: Қазақстанның экспорттық жоспары күрт өзгерді

