Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Шаньдун провинциясындағы Линьи қаласында орналасқан бірқатар ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысты, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Делегация ауыл шаруашылығы техникасын өндіретін «Shandong Huasheng Zhongtian» зауытымен, электр желілеріне арналған металл тіректерді шығаратын кәсіпорын және көше жарығын қамтамасыз ететін жабдықтар өндірісімен де танысқан.
Барлық өндірістік орындар заманауи технологиялармен жабдықталған және өнімдерін сыртқы нарыққа экспорттайды. Компания жоғары берік әрі ұзақ мерзімділікке негізделген металл тіректерді өндіріп, онысын электр желілері мен қоғамдық жарықтандыру секторларында қолданады екен.
Көшелерге арналып арнайы LED шамдар мен толық жарық жүйелері шығарылады, қалалар мен өнеркәсіптік аймақтарды жарықтандыруға қолданылады. Күн сәулесінің жарықдиодты шамдары – күн сәулесін электр энергиясына түрлендіреді, экологиялық таза.
Өңір басшысы Түркістан облысында жаңадан салынып жатқан зауыт, фабрикаларға ыңғайлы жарықтандыру құралдарын кеңінен пайдалану жолдарын қарастыруды құптап, жауапты басшыларға тиісті тапсырмалар берді.
Түркістан облысында жергілікті инфрақұрылымды жаңғырту бойынша да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Былтыр өңірде 21 мыңнан астам көше шамы орнатылып, оның 14 мыңға жуығы бюджет есебінен, қалғаны демеушілік есебінен іске асырылды. Биыл қосымша 7 522 көше шамын орнату жоспарланған. Шетелдік жаңа технологияны өңірде қолдану жолдары қарастырылады.
Сондай-ақ облыс әкімі бастаған ресми және іскерлік делегация ауыл шаруашылығы техникасы көрме орталығына да барып, әмбебап бензин қозғалтқыштары, бау-бақша, саябақ және орман шаруашылығы техникаларының соңғы үлгілерін көрді.
Сапар қорытындысы бойынша тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа өндірістер ашу, технология трансфері және кадрлар даярлау мәселелері бойынша нақты ұсыныстармен алмасып, келіссөздер жүргізді.
Түркістан облысы әкімдігі шетелдік серіктестермен тығыз байланыс орнатып, өңірге инвестиция тарту және жаңа өндірістерді іске қосу арқылы халықтың әл-ауқатын арттыруды басты мақсат ретінде қойып отыр.
Сапар барысында делегация әлемге танымал «Shandong Kamoya Smart Culture and Tourism Technology Co., Ltd.» компаниясының зауытыттарына барып, смарт капсулалы үйлер, тасымалданатын модульдік құрылымдар және заманауи туристік инфрақұрылым нысандарының өндірісімен танысты. Компания мен BNK GROUP LTD ЖШС арасында капсулалы үйлерді құрастыру бойынша бірлескен жоба басталып кетті. Алдағы уақытта бұл үйлер Түркістанда «KHAN TAU» брендімен өндірілетін болады. Қазіргі таңда алғашқы дайын өнім Түркістан өңіріне жөнелтуге әзір.