Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпарат жалған болып шықты, деп хабарлайды Ertenmedia.
Бүгін әлеуметтік желі мен кейбір ақпарат құралдарында Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің, сондай-ақ ҰҚК-нің бірқатар жоғары лауазымды қызметкерлерінің ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда бұл ақпарат расталмады.
«Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің ұсталғаны туралы ақпарат – шындыққа жанаспайды, бұл жалған хабар», – деп мәлімдеді жағдаймен жақсы таныс дереккөз Ertenmedia редакциясына.
Осыған дейін аталған азаматтардың ұсталғанын алғаш болып «Орда» порталы хабарлаған еді.
Басылымның дерегінше, министр Мұрат Нұртілеу Қытайдан ШЫҰ саммитінен оралғаннан кейін үйінде ұсталған-мыс. Сонымен қатар кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің де үйінде тінту жүргізілгені айтылған болатын.
Осы ақпараттан кейін Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева журналистер мен ақпарат құралдарын таралатын деректердің дұрыстығын мұқият тексеруге шақырып, журналистік этика мен кінәсіздік презумпциясы қағидаттарын сақтау керегін еске салды.
«Құрметті әріптестер! Кейбір ресми ақпарат құралдары мен анонимді телеграм-арналар мемлекеттік қызметшілердің ұсталғаны туралы расталмаған ақпарат таратуда. Ақпараттың рас-өтірігін тексеру, кінәсіздік презумпциясы және журналистік этика қағидаттары бар екенін еске салғым келеді.
Журналистер «хайп» қуып, тексерілмеген мәлімет таратса, мұның салдары ауыр болуы мүмкін. Мұндай ақпарат азаматтар мен олардың жақын туыстарына моральдық зиян келтіріп, олардың ар-намысын қорлауы ықтимал және бұл жалаға жатуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек.
Барша әріптестерді кәсіби журналистерге қойылатын талаптарды сақтауға шақырамын. Сондай-ақ жалған ақпарат таратқандар әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертемін», – деді министр Аида Балаева.
Ertenmedia редакциясы аталған жағдайға байланысты түсініктеме алу үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметіне ресми сауал жолдады.