Ақтаудағы әуе апатына Ресей әскерилерінің қатысы болуы мүмкін деген жаңа дерек пайда болды, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Minval Politika редакциясына аты-жөнін көрсетпеген дереккөзден құпия хат түскен. Онда Ресей Қорғаныс министрлігінің бұйрығымен әуе қорғанысы күштерінің ұшақты атып түсіргені туралы мәлімет бар.
Хатпен бірге капитан Дмитрий Паладичуктің қолы қойылған түсініктеме, бейне және аудиожазбалар жіберілген.
Түсініктемеде капитан Паладичук:
«Мен, Паладичук Дмитрий Сергеевич, 274-жаттығу бөлімінің командирі ретінде 24-25 желтоқсан аралығында Грозный қаласын қорғау бойынша әскери кезекшілікте болдым. Телефон арқылы «нысананы жой» деген бұйрық түсті. Тұман өте қою болғандықтан, нысана оптикадан көрінбеді, бұл туралы басшылыққа хабарладым. Сағат 08:13:30-да операторға оқ атуға бұйрық бердім. 08:13:33-те зымыран ұшырылды. Алайда 08:13:47-де зымыран нысанаға тимегені анықталды. Бір секундтан соң екінші рет атуға бұйрық бердім», – дейді.
Редакция өз кезегінде бұл хаттың түпнұсқалығы ресми түрде дәлелденбегенін мәлімдеді.
Десе де, осындай құжаттың өзі жарты жылдан бері жүргізіліп келе жатқан тергеу үшін де, қоғам үшін де маңызды екенін ескеріп, хат мазмұнын жариялауды жөн санаған.
«Қолдағы аудиожазбада үш адамның дауысы бар. Олар хатта келтірілген деректерді растап отыр. Әзірше толық стенограмма ұсына алмаймыз. Өйткені бұл ақпаратты тергеу органдары тексеруі керек. Дегенмен, дауыстың барлығы да бұйрық бойынша екі рет оқ атылғанын және ұшақ зымыран сынықтарынан зақымдалғанын ашық айтты», – делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, 2024 жылдың 25 желтоқсанында Бакуден Грозныйға ұшып шыққан ұшақ Ақтау маңында құлаған болатын. Қазақстан тарапының алдын ала есебінде ұшақ Грозныйдың жанында зымыран шабуылына ұшырап, зақым алғаннан кейін басқарудан шығып, құлағаны айтылды. Ресей билігі апатты зерттеуге арнайы топ құрғанын мәлімдегенімен, тергеу қорытындылары әлі күнге дейін жарияланған жоқ.
Апатқа ұшыраған әуе кемесінің ішінде 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Олардың 29-ы аман қалды.