20 наурыздан бастап Өскеменде мемлекеттік органдар мен бюджеттік ұйымдар жаңа жұмыс кестесіне көшеді. Бұл туралы қала әкімдігінде өткен жиында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Дархан Сапанов мәлім етті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Енді жұмыс күні сағат 08:00–де басталып, 17:30–да аяқталады, түскі үзіліс 12:00–ден 13:30–ға дейін.
Осылайша бұл жаңашылдық облыстың барлық қала, ауданында енгізіліп отыр. Жаңа жұмыс режиміне көшу тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартады деп күтілуде.
«Жаңа жұмыс уақытын талқылауға арналған жиынға қаладағы мемлекеттік ұйымдардың өкілдерін қосқанда 300-ге жуық адам қатысты. Талқылау барысында жиналғандар жұмыс күнін ерте бастаудың ыңғайлылығын атап өтіп, жаңа өзгерістерді қолдайтындықтарын жеткізді. Өскемен — Шығыс Қазақстан облысында осы жұмыс кестесін енгізу туралы шешім қабылдаған соңғы қала болды», — деп хабарлады өңір әкімдігінен.
Еске салайық, былтыр 1 наурызға қараған түні Қазақстан бірыңғай уақыт белдеуіне өтті. Алайда 7 маусымда уақытты қайта өзгертуге қатысты петиция басталып, 50 мыңнан аса қол жиналғанымен, ол қабылданбады.
2025 жылғы қаңтардан бастап Шығыс Қазақстан облысының бірнеше ауданы жаңа жұмыс уақытына көшті.