Өскеменнің қақ ортасында пайда болған жаңа муралды көрген әрбір жанның ойына ең әуелі батырлық, тәуекелшілдік, жанқиярлық сынды асыл қасиеттер келері хақ. Қызыл түсті өрт сөндіру көлігінің жанында сәбиін құшақтаған құтқарушы бейнесі көпшілікке ой салары сөзсіз.
Шығыс Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаментінің бастамасымен және қала әкімдігінің қолдауымен дүниеге келген бұл муралдың артында терең мән жатыр. Оның салынуына себеп болған да кездейсоқ емес – биыл құтқарушылар күні ұлттық күнтізбеде пайда болғанына 30 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде талай өрттің ортасына кірген, талай су тасқынында адам құтқарған, талай апатта өмірін қатерге тіккен боздақтардың еңбегі халықтың көз алдында. Сондықтан дәл осындай көркем ескерткіштің қала көшелерінде бой көрсетуі – орынды әрі қажетті қадам.
Бұл туындыны алғашқылардың бірі болып көрген құтқарушылардың өзі толқыныстарын жасырмады. Өрт сөндіру қызметінде 15 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан майор Ермек Ахметов былай деді: «Біздің жұмысымыз көп жағдайда көзге көрінбейді. Халық бізді тек үлкен апат кезінде ғана байқайды. Бірақ күнделікті ұсақ-түйек шақырулар, адамдардың үйіндегі газдың иісі немесе көшеде қалған мысық – бәрі біз үшін жауапкершілік. Осындай мурал бізге деген сенімнің белгісі іспетті» деп ойын ортаға салды.
Ал жас құтқарушы Дастан Оразалин болса, суреттің жастарға ықпалы ерекше екенін айтады: «Мен бұл мамандықты таңдағанда көп адам түсінбеді. «Қауіпті, қиын жұмыс» деді. Бірақ дәл осындай құрметті көргенде, жүрегің қуанады. Бұл мурал – біздің істеп жүрген жұмысымыздың бос еместігін, қоғамға қажет екенін көрсетеді» дейді жас маман.
Өскемендегі ең көп жүргіншілер жүретін, көліктер ағылып жатқан белді көшенің қиылысында орналасқан. Күн сайын мыңдаған адам осы суретті көреді. Біреу өзге біреудің өмірін құтқарған батырларды еске алады, енді біреу «мен де осындай маман болсам ба екен?» деген ойға берілуі мүмкін.
Соңғы жылдары Өскемен қаласының көпқабатты үйлерін муралдар жиі әшекейлей бастады. Спортшылардың бейнесі, тарихтан сыр шерткен көріністер, өнер адамдары мен еңбек ерлерінің портреттері – бәрі бар. Жаңа құтқарушыларға арналған мурал да осы дәстүрдің жалғасы іспетті. Әлемдік тәжірибеге көз салсақ, муралдар тек эстетикалық функция атқармайды, олар – қоғамдық тәрбие құралы.
Құтқарушының қолындағы сәби – символ. Ол тек бір баланы емес, бүтін бір халықтың болашағын бейнелейді. Құтқарушының өзі – тек бір мамандықтың иесі ғана емес, өмір мен өлімнің ортасында тұрған таңдауды жасай алатын адам. Сондықтан да «құтқару – батырлардың ісі» деген сөздің астарында үлкен пәлсапа жатыр. Өмірде әркім батыр бола алмайды, бірақ әрбір қоғам өз батырларын қадірлей алуы тиіс.
Жас құтқарушылардың бірі Гүлнұр Қасымова сөз арасында: «Кейде түн ішінде шақыртуға барамыз, кейде өз өміріңді тәуекелге тігуге тура келеді. Бірақ қоғамның қолдауы мен осындай құрметті көргенде, сенің таңдауың дұрыс болғанын түсінесің. Бұл сурет бізге жаңа күш береді», – деді.
Өскемендегі жаңа мурал құтқарушылардың еңбегін ұмыттырмайтын, олардың батылдығын дәріптейтін, келер ұрпаққа өнеге болатын ерекше ескерткіш.