Әйгілі олигарх Болат Өтемұратовтың UniCredit-ке сатқан «АТФ Банкінің» төңірегінде күмәнді схемалар болуы мүмкін.
Қазақстанның мұнай-сервис компаниялары одағының директоры Нұрлан Жұмағұлов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды Ertenmedia.
Жұмағұловтың мәліметінше, оның дереккөзі осы келісімнің ашық болмағанын айтып, сыр бөліскен екен.
JP Morgan («АТФ Банктің» мүддесін қорғаған) мен Credit Suisse (UniCredit-тің мүддесі үшін жұмыс істеген) консултанттары банктің құнын негізсіз көтерген көрінеді. Кейін сол консультанттардың бірі Өтемұратовқа тиесілі Verny Capital-ға қызметке ауысқан.
PetroCouncil ұйымының осы мәмілеге қатысты дерегіне сүйенген сарапшы келісім екі жақты ақшаны жымқыру операциясына ұқсайды деген болжам жасады.
«Мұнда мұнай кеніштерін игеруге ұмтылған басқа компаниялардың да қатысы болуы мүмкін. Кейбір деректерге сүйенсек, «АТФ Банк» мұнай, руда, газ, машина және металл өнімдерін Қазақстаннан экспорттау кезінде мемлекеттік бюджетке табыс аудармай, күмәнді операцияларды қаржыландыруға пайдаланылған», – деп жазды Жұмағұлов.
Оның айтуынша, дәл осы мәселе қазір Қазақстан үкіметі мен Қашаған, Қарашығанақ жобаларының акционерлері арасындағы халықаралық арбитражда да көтеріліп жатыр.
Тіпті Қашаған жобасы бойынша парақорлық пен сыбайлас жемқорлыққа қатысты сұрақтар қаралып жатқан көрінеді.
«Арбитраж шешімін күту ғана қалды. Өтемұратовтың «жетістігінің» ар жағында осындай күрделі схемалар болуы әбден мүмкін», – дейді сарапшы.