Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбындағы XXVII сессиясы өтті, – деп хабарлайды Ertenmedia.kz
Сессия жұмысына облыс әкімі, Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нариман Төреғалиұлы Төреғалиев төрағалық етіп, сөз сөйледі.
Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХIV сессиясында айтқан стратегиялық бағытын негізге ала отырып, Ассамблеяның елдегі бейбітшілік пен келісімді нығайтудағы маңызын атап өтті.
«30 жыл ішінде Ассамблея этносаралық татулық пен дінаралық келісімді сақтау ісінде үлкен үлес қосты. Бұл құрылым еліміздегі барлық этностарды ортақ мақсатқа біріктіріп, Қазақстанның бейбітшілік пен келісімнің брендіне айналуына ықпал етті», – деді Нариман Төреғалиұлы.
Сессия барысында қатысушылар тарапынан баяндамалар жасалып, қоғамдағы ұлттық бірлік пен ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай белсенді азаматтар «ҚХА – 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
Жиын қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVII сессиясының Қарары қабылданды.
Қазіргі таңда облыста 50-ден астам этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жүргізіп келеді. Олар тек мерекелік іс-шаралармен ғана шектелмей, қайырымдылық, ағартушылық, жастармен тәрбиелік жұмыстарда және жалпыұлттық құндылықтарды насихаттауда зор үлес қосып отыр. Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасылық институтты нығайту мен рухани тәрбие бағытында маңызды жұмыстар атқарып келеді.