Таяу Шығыс… Тарихы да, тағдыры да күрделі бұл өңір бүгінде дүниежүзінің назарын аударып отыр. Геосаяси координаттар қайта жазылып жатқан тұста Иран мен Израиль арасындағы текетірес тек екі елдің тағдырын емес, бүкіл әлемдік қауіпсіздік архитектурасының болашағын сынап тұр. Прокси соғыстар, баллистикалық ракеталар, дипломатиялық маневрлер мен ішкі саяси амбициялар. Осы ретте «Жаһан жайы» бағдарламасының журналистері түйінді тарқату үшін біз саясаттанушы, халықаралық қатынастар доктринасына терең бойлаған ғалым Қазыбек Майгелдиновпен сұхбаттасуды жөн көрдік.
– Қазыбек мырза қош келдіңіз. Ең алдымен Иран-Израиль шиеленісіне қатысты стратегиялық бағамыңызды білсек. Қақтығыс қайда барып тіреледі?
– Бұл қарапайым текетірес емес. Біз классикалық прокси соғысқа куә болып отырмыз. Иран – бұл жерде жалғыз ойыншы емес. Оның аймақтық серіктестері бар. Олар Йемендегі хуситтер, Ливандағы Хизболла, Ирактағы шейіттік топтар, Сириядағы Асад режимі, бұған Палестинадағы ХАМАС тобын да қосуымыз керек. Бұл – шииттік доғаның тұтас геосаяси шебін көрсететін симметриялы альянс. Яғни, қақтығыс Израиль мен Иран арасында емес, Израиль мен Иран қолдаған идеологиялық, конфессионалдық жүйелер арасында жүріп жатыр.
Бұл шиеленістің бастауы 1979 жылғы Иран ислам революциясына тіреледі. Сол кезге дейін Иран мен Израиль тәп-тәуір әріптес болған. Бірақ революциядан кейін Иран саяси-идеологиялық парадигмасын түбегейлі өзгертіп, Таяу Шығыстағы басты жау – сионизм, басты қарсылас – Израиль деген идеология орнады. Содан бері екі елдің арасында тікелей емес, делдал құрылымдар арқылы қақтығыс жүріп келеді. Тікелей әскери соғыс жоқ – ортақ шекара да жоқ. Бірақ әуе шабуылдары мен ақпараттық соғыс ешқашан толастаған емес.
– Дегенмен қақтығыс биыл айтарлықтай ушығып кетті. Сіздіңше бұл неге байланысты?
– Бұл жерде саяси тактиканың рөлін ұмытпау керек. Өткен жылы сәуірде Израиль Дамаскідегі Иран елшілігін атқылады. Бұл – халықаралық құқық нормаларын бұзатын акт. Қазан айында Иран да жауап берді. Ал Нетаньяху үкіметі бұл соғысты – ұлттық қауіпсіздік мүддесімен ақтап отыр: «Иран ядролық қаруға ұмтылып жатыр, біз алдын ала соққы жасауға мәжбүрміз» дейді. Бірақ мұнда ішкі саяси есеп бар. Газадағы қантөгіс үшін Нетаньяхуға халықаралық қысым күшейді. БҰҰ да, Еуроодақ та, тіпті АҚШ-тың кейбір институттары да Израильдің әскери әрекетін сынға алды. Демек, Нетаньяхуға назарды сыртқа аудару тиімді.
– Бұл шабуылдар Нетаньяхудың имиджін сақтап қала ала ма?
– Геосаясатта ұпай санау – қиын процесс. Израиль үшін Иран – жау бейнесі ретінде тиімді. Мұндай имидж сыртқы қолдауды күшейтеді. АҚШ Конгресі де, НАТО элитасы да, тіпті трансұлттық корпорациялар да Иранның ядролық бағдарламасынан қауіп көреді. Осыны Израиль тиімді пайдаланып отыр. Қазір ақпараттық майданда Тель-Авивтің даусы қаттырақ шығып тұр. Бұл да дипломатиялық аренада ойынды өз ережесімен жүргізуге мүмкіндік береді.
– Осындай жағдайда бұл қақтығысты дипломатиялық жолмен шешу мүмкін бе?
– Әрбір соғыс – келісіммен аяқталады. Бұл – дипломатияның айнымас ережесі. Иран ядролық бағдарламасы бойынша 2010-2015 жылдар аралығында келіссөздер болды.
Қазақстан да сол келіссөздерге алаң ұсынған болатын. Демек, Иранда тәжірибе де, мүдде де бар. Бірақ бүгінгі дилемма – кім бастама көтереді? Нетаньяху мәлімдемелерінде ымыраға келетін позиция байқалмайды. Ал Иран, керісінше, жағдайды бақылаудан шығармауға тырысып жатыр. Бұл – айқын асимметрия.
– Дипломатиялық шешімдер қалай іске асуы мүмкін?
– Менің ойымша, қазіргі жағдайда классикалық халықаралық ұйымдар емес, дәл орта державалар басты рөл ойнайды. Түркия, Сауд Арабиясы, Қазақстан секілді аймақтық ойыншылар – бұл жанжалдың шиеленіссіз шешілуіне үлес қоса алатын стратегиялық делдалдар.
Себебі бұл елдерде иделогиялық бейтараптық бар, әрі екі тараппен де тең дәрежелі қарым-қатынас орнатқан. Ресей де белгілі бір деңгейде делдал бола алады. Ал АҚШ – Израильдің ашық серіктесі. Ол бейтарап модератор бола алмайды.
Қазіргі әлем көпполярлы кезеңге қадам басты. Осындай кезеңде дипломатияда да жаңа құралдар мен акторлар қажет. Орта державалар дәуірі басталды. Олар үлкен соғыстардың алдын алатын, консенсус орнататын платформалар ұсынуға тиіс. Мұндай рольді Қазақстан секілді бейтараптығын сақтап отырған елдер иелене алады.
– Сонда Таяу Шығыс қақтығысының шешімі жаһандық тепе-теңдіктің сынағы бола ма?
– Әрине. Бұл тек аймақтық текетірес емес, ол – бүкіл әлемдегі тәртіптің, қауіпсіздік архитектурасының, дипломатиялық мәдениеттің жаңа форматын қажет ететін үлгі. Егер Иран мен Израиль арасында бітім орнайтын болса, бұл – басқа да тұрақсыз өңірлерге үлгі болар еді: Үндістан мен Пәкістан, Қытай мен Тайвань, Ресей мен Украина.
– Қазыбек мырза, сұхбатыңызға рақмет.
– Сіздерге де рахмет. Ең бастысы – ақыл мен сабыр жеңетін уақыт келеді. Еңбек пен диалог – бүгінгі әлемге қажет басты дипломатиялық қару.