Орталық Азия – бұл картаның үстіндегі ғана аймақ емес. Бұл – тағдырлас тарихтың, күрделі геосаяси реалдылықтың және енді қалыптасып келе жатқан жаңа экономикалық альянстың атауы. Жиырма бірінші ғасырда аймақтың ендігі тағдыры «жеке-дара күресу» емес, «ұжым болып ықпал ету» формуласына айналып келеді. Әсіресе Қытаймен әріптестіктің жаңа белесі аймақтағы мемлекеттерді біріктірудің ынталандырушысы ретінде көрінуде. Міне, осы мәселелерді «Жаһан жайы» жүргізушісі Индира Тұрсынбай ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің хатшысы Айдос Сарыммен жан-жақты талқылады.
– Айдос мырза, Қазақстан мен Қытайдың саяси байланыстарының жаңа форматына қарап, Бейжің тарапынан ерекше қызығушылық байқалып отыр. Бұған Си Цзиньпин мырзаның біздің елге жиі келуін де мысал ете аламыз. Орталық Азия – Қытай форматы аймақтың интеграциясына қалай әсер етеді?
– Бірінші кезекте айтарым, соңғы отыз жылдық тәжірибенің үлкен бір сабағы – ұлттық эгоизмнен арылу. Біздің елдер ұзақ уақыт «өз күнін өзі көру» принципімен әрекет етті. Алайда геосаяси координаттар жүйесінде біз – жалғыз жүргенде әлсіз, бірігіп әрекет еткенде қуатты құрылымбыз. Бұл – қазіргі уақыттың объективті шындығы.
Қазір әлемдік державалар біздің бес мемлекетімізге жеке-жеке емес, тұтас макроаймақ ретінде қарай бастады. Бұл – дипломатиялық субъект ретінде Орталық Азияның легитимділігі артып келеді деген сөз.
Қытаймен диалог осы тұрғыдан маңызды. Біріншіден, біз Қытайға тек шикізаттық ресурс көзі ретінде емес, континенттік қауіпсіздік пен көлік дәліздерінің тұрақты факторы ретінде керекпіз.
Екіншіден, Қытай – ешқандай соғыспай-ақ, экономикалық және технологиялық экспансия арқылы жаһандық позициясын нығайтып жатқан мемлекет. Мұндай ойыншының назарында болу – жауапкершілік, әрі мүмкіндік. Сондықтан да «Орталық Азия – Қытай» форматы біздің интеграциялық әлеуетімізді іске қосатын геосаяси платформа.
– Алайда тарих көрсетіп отырғандай, Орталық Азияда лидерлікке талас, аймақішілік бәсекелестік те болғанын білеміз. Бұл кедергі жойылды ма?
– Ол рас. Біздің аймақта постсоветтік кезеңнің алғашқы онжылдығында «үштік», «бестік» деген бастамалар болған. Бірақ олар көбінесе мемлекет басшылары арасындағы тұлғалық шиеленістерге, ішкі реніштерге ұрынды. Яғни, мемлекетаралық емес, басшылық деңгейіндегі амбициялар шешуші рөл атқарды. Ал халықтар арасында ондай текетірес болмаған.
Соңғы бес жылда бұл тенденция түбегейлі өзгерді. Қазір Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасына қатысты ұзаққа созылған даулар шешім табуда. Бұл ретте Қазақстан мен Өзбекстанның бейбіт бітімгер ретіндегі ықпалы жоғары болды. Екі ел өз тарихында да, шекаралық келіспеушіліктерде де парасатты жолды таңдағанын көрсетті. Бұл тәжірибе басқа елдерге де үлгі бола алды.
Мұнда бір маңызды нәрсені айту керек. Бүгінде Орталық Азияның басым бөлігі – Түркі мемлекеттері ұйымының мүшесі. Біз – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына (ШЫҰ), ҰҚШҰ-ға, ТМД-ға да мүше елміз. Демек, біз көпвекторлы сыртқы саясатымыздың аясында әр түрлі қорғаныс желілерін қалыптастырып жатырмыз. Себебі біздің ең сенімді серіктесіміз – өзіміз. Қалғанының бәрі – тактикалық одақтар.
– Қазақстан мен Қытай арасындағы қазіргі дипломатиялық және экономикалық қатынастардың мазмұнына қандай баға берер едіңіз?
– Менің ойымша, бұл – үлгі боларлық қатынас. Әлемде «сенімсіздік» пен «ықпал үшін бәсеке» белең алып тұрған тұста біз Бейжіңмен прагматикалық әрі жүйелі байланыс орнаттық.
Әрине, алғашқы кезеңде сенімсіздік болғаны рас. Қытаймен визасыз режим орнайды дегенде ел ішінде түрлі фобиялар бой көрсетті. Уақыт өте келе бұл үрейдің негізсіз екенін көріп отырмыз. Қазір жылына 600 мыңдай отандасымыз Қытайға барып жүр – көбісі кәсіп істеп жүрген азаматтар. Ал Қазақстанға 400 мыңдай Қытай азаматы келеді, арасында инвестор да, жұмысшы да бар.
Тағы бір өмірлік шындық – таңғы сағат 7-де үйден шықсаңыз, Алматыда немесе Астанада LRT құрылысының басында жұмыс істеп жатқан қытай жұмысшыларын көресіз. Бұл да – жаңа реалдылық. Біз баяғыда сіңіп қалған синофобиядан арылып келеміз. Себебі, Қытай – экономика арқылы әрекет ететін, әскери агрессиядан аулақ мемлекет. Тарихы мен стратегиясы басқаша.
Бірақ ол үшін сен де ішкі саясатыңды мықтап, заңыңды әділ етіп, ұлттық мүддені нақты қорғай алатын жүйе жасауың керек. Сонда ғана үлкен серіктестен қорқу емес, серіктестік пайда көру басым болады.
– Бүгінгі халықаралық ортада Орталық Азияның саяси субъект ретінде мойындалуына қандай факторлар әсер етті деп ойлайсыз?
– Меніңше, ең үлкен фактор – өзара сенім мен жаңа саяси буынның қалыптасуы. Біз бұрындары Ресейдің көлеңкесінде қалған постсоветтік аймақ едік. Қазір бізге Бейжің де, Вашингтон да, Брюссель де жеке қарай бастады. Себебі, біз енді ұжым ретінде сөйлей алатын, аймақішілік консенсусты негізге ала алатын деңгейге шықтық. Бұл – саяси субъектілік.
Екіншіден, біз тек ресурстық экспортпен шектелмей, Қытаймен бірге технологиялық өндірістер ашуға бет бұрып отырмыз. Қосылған құны жоғары өнім – бұл экономикалық егемендіктің кілті. Қытаймен бірлесіп Каспий жағалауында – Құрық портында жаңа жүк терминалы салу жоспары да осы прагматикалық бағыттың бір бөлігі.
Үшіншіден, энергетика саласындағы ықпалдастық – ең стратегиялық мәселе. Қытай компаниясының АЭС жобасына қатысуы – сенім индикаторы. Мұндай жобалар тек экономикалық қана емес, саяси жауапкершілік пен геосаяси тұрақтылықты талап етеді.
– Сөз соңында Батыс пен Шығыстың арасындағы геосаяси бәсекеде Қазақстан өз орнын қалай белгілейді?
– Қазақстан ешқашан бір ғана блокқа кіріп, екінші тараппен арақатынасты үзетін мемлекет болмайды. Біздің сыртқы саясатымыздың іргетасы – тепе-теңдік пен прагматизм. Біз Еуропамен де, Қытаймен де, Түркиямен де, Ресеймен де байланыста бола отырып, ең бастысы – өз егемендігімізді сақтауға ұмтыламыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздік доктринамыздың да, Президентіміздің де ұстанымы.
Бүгінде әлем бірполярлы кезеңнен көпполярлы формаға өтіп барады. Бұл – үлкен мүмкіндіктер дәуірі. Сол мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алсақ, Орталық Азия тек транзиттік аймақ емес, жаһандық шешімдер орталығы ретінде де қалыптасуы мүмкін.
– Әңгімеңізге рақмет.