Сирек кездесетін металдар үшін басталған жаһандық тартыс Орталық Азияны геосаяси ойын алаңына айналдырғандай… Бұрын тек шикізат көзі ретінде саналып келген Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның жер қойнауындағы литий, никель, титаномагнетит пен уран секілді ресурстар қазір жаңа экономикалық дәуірдің «валютасына» айналып отыр, деп жазады Ertenmedia.kz.
Әлемдік державалар, әсіресе АҚШ, ЕО мен Ұлыбритания, бұл байлықты өз пайдасына икемдеу үшін түрлі дипломатиялық, экономикалық және саяси тетіктерді іске қосып , әрекет ете бастады. Сырт көзге серіктестік ұсынысы сияқты көрінгенімен, шын мәнінде олар аймақты технологиядан алыстатып, шикізаттық шеңберден шығармауға тырысатыны сөзсіз.
Ал Орталық Азия елдері ресурстық әлеуетін қайта қарап, оны тиімді игерудің жолын іздеуі керек. Қазақстан әлемдегі никель қоры бойынша алғашқы жиырмалықтың қатарында болса, литий бойынша да келешегі зор.
Өзбекстанда 139 мың тоннадан астам уран қоры бар, ал Қырғызстанда бір ғана Кызыл-Омпол кен орнында 20 млн тонна титаномагнетит жатыр. Бірақ басты мәселе байлықты кім игереді, табыстың негізгі бөлігі қайда қалады деген сұрақ туындауда.
Қырғызстандағы «Кумтор» мысалын көпшілік ұмытқан жоқ. Канадалық компания алтын өндіруді көздеп келгенімен, нәтижесінде жергілікті мүдде аяқасты болып, ұлттық қауіпсіздік мәселесі туындағаны есімізде. Ақырында бұл нысан мемлекет меншігіне өтті. Сирек металдар төңірегінде де осындай сценарийлер қайталануы ғажап емес.
Батыс елдерінің инвестиция ұсынып, салықтық жеңілдік сұрауының астарында геосаяси бақылау орнату пиғылы жатуы мүмкін. Олар геологиялық зерттеу нәтижелерін жасырып, руданың нақты мөлшерін төмендетіп көрсетіп, экономикалық әділетсіздікке баратынын жақсы білеміз.
Кейбір компаниялар ресурстың тек 70 пайызын өндірдік деп есеп береді, ал шын мәнінде көбірек пайда көріп отырады. Қалғаны «қалдық» ретінде рәсімделіп, ел бюджетіне түспей қалады.
Мұндайда мемлекет тарапынан мұқият сараптама жүргізу, сыртқы ықпалдан арылу үшін көпвекторлы геосаяси серіктестік қажет. Бұл ретте Қытай немесе ШЫҰ аясындағы елдердің де ғылыми және технологиялық қолдауын тарту маңызды. Әйтпесе, сирек металдарды тапқан ел емес, оны өңдеген ел байып кетуі мүмкін.
АҚШ, ЕО және Ұлыбритания бір жағынан аймақ ресурстарына қызығушылық танытып, екінші жағынан экономикалық санкциялар арқылы қысым көрсетуде. Банк секторына бағытталған шектеулер бизнес жүргізу еркіндігін тарылтып, сыртқы инвестицияларды тежейді.
Осындай жағдайда Орталық Азия елдерінің алдынан екі таңдау шығады. Бірі өз ресурсын өз қолына алып, технологиялық дербестікке ұмтылу. Екіншісі сыртқы капиталдың шартын қабылдап, геосаяси тәуелділікке түсу. Кез келген келісімнің артында ұлттық мүддені жоғалтпау басты мақсат болуға тиіс. Ендігі жерде Орталық Азия елдері тоқсаныншы жылдардағы қателікті қайталамауы керек.

