Қазақстан армиясында тағы да қаза. Елдің шығысындағы әскери бөлімде мерзімді қызметін өтеп жүрген сарбаз өзіне бекітілген қарудан оқ атып, көз жұмды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қайғылы оқиға 23 қаңтар күні Өскемен гарнизонында болған. Құрлық әскерлері бас қолбасшысының тәрбие және идеология жөніндегі орынбасары Арынғали Әкішевтің айтуынша, сарбаз былтыр сәуір айында әскер қатарына шақырылған.
Қазір осы дерек бойынша Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғап, мән-жайды анықтап жатыр. Істің барысы Өскемен гарнизонының әскери прокуратурасының қатаң бақылауында.
Оқиғаның нақты себебін жан-жақты әрі әділ анықтау үшін Қорғаныс министрінің тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған. Оны қорғаныс министрінің орынбасары, генерал-майор Асқар Мұстабеков басқарады.
Қорғаныс министрлігі марқұм сарбаздың отбасына көңіл айтып, барлық қажетті көмек көрсетілетінін мәлім етті.
Президент Тоқаев бұған дейін әскердегі адам өлімі мен жарақат алу фактілерін қатаң сынға алып, бейбіт заманда мұндай трагедияға мүлдем жол берілмеуі тиіс екенін айтқан еді.
Соның алдында Қорғанмин ұлынан айырылған ашынған аналардың жанайқайына жауап қатқан.
«Не дейсіз? Сарбаз өлімі? Мұндай жағдай қазір сиреді ғой, оны қайдан алдыңыздар?» – деген еді Дәурен Қосанов.
Оның сөзінше, митингіге шығып, наразылық танытқан аналар шын мәнінде өткен (2020-2023 жылғы) оқиғаларды көтерген. Айтуынша олардың мәселесімен айналысу қорғаныс саласына емес, Ішкі істер министрлігі мен Бас әскери прокуратураның құзырына жататын көрінеді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!

