Өскеменде Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты сот процесі басталды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Қылмыстық іс материалына сәйкес, облыс әкімінің орынбасарына Қылмыстық кодекстің екі бірдей ауыр бабы бойынша айып тағылған.
Нақтырақ айтқанда, оған «ірі мөлшерде алаяқтық жасау» (190-бап, 3-бөлім, 1,2 тармақтары) және «ірі көлемде пара алу» (366-бап, 3-бөлім, 3 тармақ) бойынша айып тағылып отыр.
Сот отырысы бүгін, 19 наурызда Өскеменнің қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ашық тәртіппен өтіп жатыр. Айыпталушының тергеу изоляторында ұстау мерзімі істің соңына дейін ұзартылды.
Контекст
Еске сала кетейік, 13 ақпанда Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат желіде тараған еді. Алайда сол кезде облыс әкімдігі өкілдері бұл жөнінде нақты мәлімет бермей, Омардың денсаулығына байланысты демалыста екенін айтқан болатын.
18 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік комитеті әкім орынбасарына қатысты іс тергеліп жатқанын ресми түрде растағанымен, тергеудің толық мән-жайы туралы ақпарат жарияланбаған.
Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуірінен бастап ШҚО әкімінің бірінші орынбасары қызметін атқарған. Оған дейін 2018-2024 жылдары Өскемен қаласының әкімі болған. Әкім орынбасары желіде белсенділігімен танымал, қызметіне қатысты ақпараттды жиі жариялап отырған.
Қазір сот ісі жалғасуда. Облыстағы саяси ортада аталған іс үлкен резонанс туғызуда. Әкім орынбасарынан басқа да тұлғалардың ұсталғаны туралы мәлімет бар.
Бұған дейін Сақтағанов тарапынан Шнайдер көпіріне қатысты сын айтылып, облыс әкімі жемқорлықтың алдын алу жөнінде құқық қорғау органдарымен бірнеше мәрте кеңес өткізген еді.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







