Ауыл шаруашылығы министрлігі елге сырттан тасымалданатын тауық жұмыртқасына бір айға тыйым салмақ, деп хабарлайды Ertenmedia.
Ашық НҚА порталында жарияланған бұйрық жобасына сәйкес, шектеу Еуразиялық экономикалық одақ елдерін қоса алғанда, барлық мемлекеттен әкелінетін жұмыртқаға қатысты болады. Тек транзитпен өтетін жүкке ғана рұқсат беріледі.
Министрлік өкілдері осы қадам ішкі нарықты қорғап, отандық құс фабрикаларына қолдау көрсету мақсатында қабылданғанын айтты.
Аталған шешімді Сыртқы сауда саясаты жөніндегі ведомствоаралық комиссия биыл 8 қазанда мақұлдаған.
Сондай-ақ, министрлік алдағы уақытта Қазақстаннан экспортталатын қой- ешкіге алты айлық квота енгізуді ұсынып отыр. Яғни жарты жыл ішінде шетелге сатылатын ұсақ малдың саны 120 мың бастан аспауы тиіс. Осы шара елдегі ет өңдейтін кәсіпорындарды қажетті шикізатпен қамтып, ішкі нарықты тұрақтандыру үшін қолға алынбақ.
Бұйрық жобасы қоғам талқысына 2025 жылдың 21 қазанына дейін ұсынылады.