Қазақстанда отандық вагон жасау саласын дамыту мақсатында вагон құрастыруға қажетті бөлшектерді ел ішінен сатып алуды заң жүзінде міндеттеу ұсынылды деп хабарлайды Ertenmedia.
Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева бюджеттік және квазимемлекеттік қаржы есебінен вагон құрастыруда қазақстандық кәсіпорындардың өнімдерін қолдануды талап ететін мемлекеттік реттеу тетігін енгізу қажеттігін айтты.
Депутаттың айтуынша, отандық өндірушілер мемлекеттік тапсырысқа қатысуға дайын, бірақ олардың бастамалары түрлі бюрократиялық кедергілерге тап болып отыр.
«Осыған орай, вагон өндірісінде отандық өнімдерді міндетті түрде пайдалануды қамтамасыз ететін мемлекеттік реттеу механизмін әзірлеуді және енгізуді сұраймын. Мемлекеттен қаржыландырылатын жобалар мен келісімшарттарға вагон өндірушілерді отандық жеткізушілерден бөлшектер алуға міндеттейтін талаптарды енгізу қажет», – деді депутат.
Мәжілісмен мысал ретінде Павлодардағы Format Mach Company кәсіпорнының жағдайын келтірді. Бұл компания Қазақстандағы жүк вагондары бөлшектерін өндіруге сертификаты бар жалғыз кәсіпорын. Компанияның өндірістік қуаты мен мамандары ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жеткілікті.
Соған қарамастан, оларда қазақстандық вагон құрастыратын кәсіпорындармен бірде-бір ұзақ мерзімді келісімшарт жоқ.
Керісінше, отандық зауыттар қажетті бөлшектердің басым бөлігін Ресей мен Қытайдан импорттайды. Ал Format Mach Company өнімінің 80%-дан астамын Ресей, Беларусь және Өзбекстанға экспорттаған. Бұл кәсіпорынның өнімдерінің сапасы мен бағасының бәсекеге қабілетті екенін дәлелдейді.
Смышляева елдегі вагон паркінің жаңартылуына мемлекеттік қаржы, соның ішінде зейнетақы активтері жұмсалып отырғанын атап өтті. Мысалы, Өнеркәсіпті дамыту қоры, KTZ Express және «ЗИКСТО» арасында 2,7 мың вагон жеткізу туралы келісімшарт бар.
«Алайда бұл келісімшартта ішкі нарықтағы отандық бөлшектерді пайдалану туралы ешбір міндеттеме қарастырылмаған. Бұл жағдайдың салдарынан біріншіден, отандық өндірушілер мемлекеттік тапсырыстан қағылып отыр. Екіншіден, мемлекетке түсетін салық пен жалақы бойынша жалпы 35 млрд теңгеге дейін жоғалтып жатырмыз. Үшіншіден, 3,5 мың жұмыс орны ашылмай қалған. Яғни, Қазақстан экономикасына бөлінген мемлекет қаржысы басқа елдердің өнеркәсібін дамытуға жұмсалуда», – деді депутат.
Бұған дейін елде теміржол вагондарының 25 жылдан асқан түрлерін пайдалануға тыйым салу туралы ұсыныс жасалған еді.
Себебі ескірген вагондар қауіпсіздік талаптарына сай емес. Соған қарамастан, Қазақстан әлі күнге дейін ескі вагондарды пайдалануға мәжбүр.