Танымал режиссер Ермек Тұрсынов араға аз уақыт салып елге қайта оралды. Оның Қазақстанға келгенін экс-саясаткер Болат Әбілов растап отыр, деп жазады Ertenmedia.
Әбілов досының қысқа мерзімді «қуғын-сүргіннен» аман-есен оралғанын қуана хабарлаған екен. Бес айға жуық бөгде елде өмір кешкен Тұрсыновпен арадағы әңгіме ел ішіндегі ахуал, әлемдегі дүрбелең төңірегінде өрбіген.
«Қайда қарасаң аласапыран, шиеленіс, дағдарыс. Осындайда дүниеге даналық биігінен қарау маңызды», — деп толғаныпты Әбілов.
Экс-саясаткер Тұрсыновтың тұлғалық болмысына тамсанып, оның Қазақстан атынан үш рет «Оскарға» ұсынылғанын еске салыпты. Айтуынша, режиссердің шығармашылық шабыты енді-енді ашылып келеді, Ермектің отандық киноға әлі де берері мол.
Айта кетсек, мамырдың ортасында Тұрсынов Қазақстаннан біржола кетіп жатқаны туралы тосын жазба қалдырған. Елде өмір сүру ауырлап кеткенін, творчествосына шектеу қойылғанын және өзіне қысым жасалғанын айтқан. Тұрсынов салаға жауапты болған шенділерге, әсіресе Ақтоты Райымқұлова, Дәурен Абаев пен Асхат Ораловқа қатты шүйліккен-тұғын.
«Еркін шығармашылықпен айналысуыма амал қалдырмағасын, елден кетуге мәжбүрмін. Маған бұл елде оттегі жетпейді. Абсурд әдепкі жағдайға айналды. Біз құзға құлап барамыз», — деген болатын режиссер.
Өз кезегінде журналист Гүлбану Әбенова әлгі мәлімдеменің астарында басқа себеп жатқанын алға тартқан. Оның пікірінше Тұрсынов отандық кинематографияда мемлекеттен ең көп қолдау көрген маман. Оған әрдайым қуатты PR жасалып отырған.
Әбенова режиссерге соңғы жылдары мемлекеттен миллиардтаған теңге бөлінгенін атап өткен. Тек «Бесмойнақ» фильміне 500 млн теңге жұмсалған, ол әлі күнге дейін көрерменге жол тартпаған. Режиссердің өзі жауапкершілікті мойнына алмаған көрінеді.
«Алдымен пандемияға сілтеді, сосын маргетингі төмен деді, кейін тағы бір себеп тапты. Ермек өзінен басқаның бәрін кінәлайды. Бір кезгі шалқыған заманның дәуірі өтіп, продюсерлердің үйіне Антикор сау етіп кіріп келгенде, Тұрсынов кенеттен қысым туралы сөйлей бастады. Бұғалтырынан бастап кәскәдөріне дейін тергеуге шақырды. Өзіне тықыр таянғанын сезіп, Қазақстаннан кетуді ұйғарды», – деп жазған еді журналист.
Ол сонымен қатар режиссердің отбасы соңғы он жыл бойы Испанияда тұратынын айтқан. Мәдениет комитеті кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов «Ермек елден кетер алдында, мемлекеттен тағы да ақша (20 млрд теңге) сұрады» деп мәлім еткен еді.
Сөйткен Тұрсынов араға бес ай салып, Қазақстанға қайта оралды. Оның елде қанша уақытқа дейін аялдайтыны әзірге белгісіз.