Бішкекте өтіп жатқан ТүркПА отырысы аясында Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебай Қырғызстан Жогорку Кенешінің төрағасы Марлен Маматалиевпен кездесті, деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Кездесу барысында Айбек Дәдебай әріптесін Қырғызстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығымен құттықтап, жылы қабылдағаны үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ екі елдің заң шығарушы органдары арасындағы байланысты Парламентаралық ынтымақтастық кеңесі, достық тобы мен салалық комитеттер деңгейінде одан әрі нығайту Құрылтай үшін басым бағыт екенін жеткізді.

Одақтастық келісімдерді заңмен бекіту
Құрылтай спикері екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестіктің нығаюына ел басшыларының өзара сенімді диалогы негіз болғанын алға тартты.
«Президенттеріміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігері мен сындарлы саясатының арқасында елдеріміз арасындағы қарым-қатынас қарқынды дамып келеді. Ол Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартта көрініс тапты. Бүгінгі мақсатымыз – президенттеріміздің уағдаластықтарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету», – деді Айбек Дәдебай.
Сонымен қатар спикер қырғыз тарапын Қазақстанда жүзеге асқан саяси және конституциялық реформалармен таныстырды. Жаңартылған Ата заңға сәйкес, елімізде бір палаталы Құрылтай, Вице-президент институты және жаңа консультативтік құрылым ретінде Қазақстан Халық кеңесі құрылғанын баяндады.
Тәжірибе алмасу және мәдени байланыс
Өз кезегінде Марлен Маматалиев қос мемлекет басшыларының екіжақты деңгейде де, халықаралық алаңдарда да табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жогорку Кенеш төрағасы Қазақстан халқын ауқымды реформалардың жүзеге асуымен құттықтап, Құрылтай депутаттарының қызметіне табыс тіледі.
Жүздесуде тараптар заң шығару ісінде тәжірибе алмасуды кеңейту және халықаралық парламентаралық ұйымдар аясындағы бірлескен қызметті жандандыру жайын сөз етті. Бұдан бөлек, музыка, театр, кино және спорт салаларын қамтитын мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелері қаралды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







