Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Перизат Қайраттың ісіне қатысты жаңа мәліметтерді жариялады, – деп хабарлайды ErtenMedia.
Елемесовтің айтуынша, Перизат Қайратқа қатысты Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) және 218-бабы (Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.
«Қазір бірнеше эпизод бойынша тергеу жүріп жатыр. Олардың қатарында Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражат пен су тасқынының салдарын жоюға арналған қаржы бар. Қаңтардың соңында жаңа дерек анықталды: ол мүгедек балаларға арналған оңалту орталығын құру мақсатында аукцион өткізіп, 22 миллион теңгеге жуық қаражат жинаған. Алайда бұл ақшаны жеке қажеттіліктеріне жұмсаған», – деді Елемесов.
Оның мәлімдеуінше, жиналған қаражатқа Перизат Қайрат бірнеше пәтер, жеке үй және көлік сатып алған.
Айта кетейік, Перизат Қайрат ісі қоғамда қызу талқыланғаннан кейін тележүргізуші, журналист Динара Сәтжан осыдан 3 жыл бұрын өзінен Перизат Қайрат Астанада қайырымдылық кешін өткізуін, бұл кеште оның шоурумынан бір образды аукционға қоюын, Баян, Аида секілді құрбыларын шақыруын өтінгенін мәлімдеді. Ал кештің басты мақсаты елордада ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысына қаражат жинау болған.
Алайда кейін Динара Сәтжан Перизат Қайратпен кездескен сайын оңалту орталығының құрылысы туралы сұрағанын, бұған «мәселені шешіп жатырмыз» деген жауап алғанын айтады.
«Оразада ауызашарда тағы кездестік. Перизат Астанадағы екі танымал гүл бизнесін сатып алғанын айтты. Екі брендтің негізін қалаушыларды танимын. Олар — бизнесті нөлден бастап, өз еңбектерімен жетістікке жеткен жандар. Сол кезде әзілдеп: «Перизат, мұнай кен орнын тауып алдың ба?» деп сұрадым», — деді Динара Сәтжан бұған дейін.
Еске салайық, 2024 жылы 14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайратқа 1,5 миллиард теңгені жымқырды деген күдік тағылғанын хабарлады. Сондай-ақ, 2023 жылдың қарашасында ол Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражаттың 200 миллионын жеке мақсатта пайдаланған деген күдікке ілінді.
ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы шешім шығарды.