Перизат Қайратқа тиесілі Mercedes-Benz S 450 автокөлігі мемлекет меншігіне берілді. Ақпарат электронды сауда порталында жарияланды деп хабарлайды Ertenmedia.kz.
Электронды сауда порталындағы ақпарат бойынша, 7 сәуірде өткен сауда-саттық нәтижесінде бұрын Перизат Кайратқа тиесілі 2024 жылғы Mercedes-Benz S 450 автокөлігі мемлекеттік мекемелердің балансына өтті.
Көліктің мемлекеттік тіркеу нөмірі 777KPK01. Құжатта аккумуляторы істен шыққандықтан, техникалық жағдайы толық тексерілмегені жазылған. Автокөлік Pandora сигнализациясы бар кілтімен бірге беріледі. Іші ақ түсті былғары салонмен жабдықталған көліктің бастапқы бағасы 79,4 миллион теңге шамасында белгіленген. Сондай-ақ, көлікке бұған дейін салынған тыйым шаралары әлі алынбаған.
2025 жылдың қыркүйегінде Қаржы мониторингі агенттігі Перизат Қайраттан тәркіленген басқа да құнды мүліктердің аукционға шығарылатынын мәлімдеген еді. Тәркіленген дүние-мүліктің арасында Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі бірнеше пәтер, автотұрақ орындары да бар.
Бұдан бөлек…
Мемлекет меншігіне Mercedes-Benz S450, Lexus LX 600, Mercedes-Benz EQE және Haval H6 GT сияқты қымбат автокөліктер, гүл бизнесіндегі 100 пайыз үлесі, 97 миллион теңгеден астам қаражат пен 22 мың АҚШ доллары көлеміндегі қолма-қол ақша, әлемдік брендтердің көзілдірігі, аяқ киімі және басқа да аксессуарлары өткізілді.
Перизат Қайрат атышулы қоғам белсендісі әрі кәсіпкер. Ол үш жыл бойы Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қайырымдылық қорын басқарған.
2024 жылдың қараша айында Перизат Кайрат павлодарлықтарға көмек ретінде жиналған 1,5 миллиард теңге қаражатты жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Тергеу мәліметінше, қайырымдылыққа жиналған қаражаттың едәуір бөлігін ол элиталық мүлік, көліктер сатып алып, жеке мақсаттарына жұмсаған. Ақшаны қолма-қол шығару үшін туыстарын тартқан. Бұл іске оның анасы Ғайни Алашбаева да қатысты болған.
Кейін Перизат Кайрат Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек ретінде жиналған қаражатты да иемденді деген күдікке ілінді. 2025 жылдың наурызында Biz Birgemiz Qazaqstan 2030 қоры сот шешімімен жабылды.
16 шілдеде сотта жәбірленушілер әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, қайырымдылыққа қаражат аударғандарын мәлімдеген. Сотта тергеу барысында тәркіленген мүліктің толық тізімі жарияланған.
Сот үкімі бойынша Перизат Кайрат орташа қауіпсіздік мекемесінде 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
📌 Ertenmedia-ның Telegram арнасына жазылыңыз: қысқа әрі нұсқа, ең өзекті ақпарат осында!







