Бұған дейін қайырымдылық қорынан миллиардтап қаржы жымқырып, 10 жылға сотталған Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваның тәркіленген мүлкі саудаға шығарылмақ деп жазады Ertenmedia.
Аукционнан түскен қаражат жәбірленушілердің шығынын өтеуге жұмсалады.
Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерінің айтуынша, қазір сот орындаушылары істі қолға алып, мүліктерді сатуға дайындауда.
Қайырымдылыққа деп жиналған қаржыға Перизат Қайрат пен анасының сатып алған мүлкі аз емес. Оның ішінде астанадағы элиталық тұрғын үйлердегі төрт бірдей пәтер, Vela Village коттедж қалашығындағы жеке үй, қымбат көліктер мен бизнес үлестері бар.
Тәркіленген мүліктер тізімінде:
- Vela Village қалашығындағы элиталы коттедж;
- Akbulak Riviera, Sensata Plaza, Highvill Ishim Gold және «Көк Жайлау» тұрғын үй кешендеріндегі төрт пәтер мен бірнеше автотұрақ;
- Mercedes-Benz S450 (2024), Lexus LX 600 (2024), Mercedes-Benz EQE 500 4Matic (2023), Haval H6 GT (2024) маркалы төрт автокөлік;
- «Rebel Flowers» ЖШС-дегі 100% бизнес үлесі;
- 97 млн теңге және 22 мың АҚШ доллары көлемінде қолма-қол қаржы бар.
Агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесовтің айтуынша, тергеу кезінде қор ақшасын жымқыруға өзге тұлғалардың қатысы анықталмаған.
«Жиналған қаражатты Перизат Қайрат пен оның анасы ғана пайдаланған. Барлық мүлік екеуінің атына рәсімделген. Бұл істің өзге қатысушылары жоқ», – деді ол.
Алайда қоғамда бұл іске қатысты күмән сейілмей тұр. Әлеуметтік желіде қарапайым халық мұндай ірі көлемдегі алаяқтық әрекеттерді Қайраттың жалғыз өзі жасауы мүмкін емес деген пікірде.
Атап айтқанда, көпшілік оның артында ықпалды адамдар тұрғанына сенімді еді. Бірақ тергеу мұны теріске шығарды.
«Қорға түскен қаражат тек қана Перизат пен анасының қолында болған. Олардан басқа адам анықталмады», – деді Елемесов.
Перизат Қайрат қайырымдылықпен айналысқан адам ретінде танылып, мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталған еді. Алайда, осы оқиғадан кейін оның атағы кері қайтарылып, қоғамдық қор жабылды.
Осы жылдың шілдесінде сот Перизат Қайратты 10 жылға, анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ олардың қайырымдылықпен айналысуына өмір бойы тыйым салынды.
Жәбірленушілерге келтірілген материалдық шығынның көлемі 1 млрд 582 млн теңге. Сонымен қатар, сотталғандар 22 млн теңге мемлекеттік баж салығы мен 698 мың теңге сот шығындарын өтейді.
Қазір сот орындаушылары тәркіленген мүлікті бағалап, оны сатуға шығаруға әзірлік жүргізуде. Ал сатылымнан түскен қаржы зардап шеккендерге бөлініп беріледі.
Зейнетақы қорын жеке қолға тапсыру: 2013 жылғы жараны емдеу әрекеті