Соңғы айларда Қайрат Қожамжаровтың жақын айналасындағы тұлғалар бірінен соң бірі қылмыстық тергеу шеңберіне түсіп жатыр.
Бұған дейін қаржы полициясында, әнтикор мен прокуратурада лауазымды қызмет атқарған Мақсат Дүйсенов әзір халықаралық іздеуде жүр. Бұрынғы Бас көлік прокуроры тергеу назарына ілінерін алдын ала сезіп, елден ізін суытқан деп жазады Ertenmedia.
Дүйсеновтың карьерасы Қожамжаровпен тікелей байланысты. 1996 жылдан бері әскери прокуратурада қызмет етіп, кейін қаржы полициясына ауысқан ол осы салада ұзақ жылдар бойы түрлі лауазымды қызметтерді атқарды.
Қайрат Қожамжаров қаржы полициясын басқарған тұста Дүйсенов маңызды креслода болып, «Қорғас ісі» секілді шулы тергеуде мәлімдеме жасап, назарға іліккен болатын.
Дүйсеновтан бұрын Қожамжаровтың басқа да әріптестері мен серіктестері тергеудің астында қалды. Талғат Татубаев пен Олеся Кексель қазір азаптау ісі бойынша жауапқа тартылып жатыр.
БАҚ беттерінде Қожамжаровтың тағы бір сенімді серігі Талғат Махатовтың аты аталуда. «Қаржы полициясының әмияны» саналатын ол бір жылдың ішінде бірнеше рет сотталған.
DALA INSIDE дереккөзінің айтуынша, Мақсат Дүйсеновке іздеу жариялануы Қожамжаровқа тікелей бағытталған нақты сигнал. Оның тағдыры қыркүйек айында өтетін жоғары деңгейдегі жабық келіссөздерде шешіледі.
«Қазақстан тарапы нақты шешімге келсе, Мәскеуде жүрген Қожамжаровқа «питерлік достары» да, Дмитрий Медведев те көмектесе алмайды. Қазақстанның қолында Ресейге қысым жасай алатын маңызды тетіктер бар. Қазақстан арқылы өтетін Ресейдің Қытайға бағытталған мұнай транзиті, Қытайдан Ресейге ағылып жатқан санкциядан тыс контрабанда тауарлары осының барлығы ресми Астана үшін мықты көзір. Олардың біреуін ғана іске қосса, Мәскеудің өзі Қожамжаровты ұстап беруге мәжбүр болады», – дейді дереккөз.
Соңғы рет ол Қазақстанда өткен жылдың қараша айында Болат Назарбаевтың асында көрінген-ді. Қазіргі уақытта (екі дереккөздің мәліметінше) экс-бас прокурор Мәскеуде тұрып жатыр.
«Жаңа Қазақстан» Қожамжаровтың ең әлсіз тұсын жақсы біледі. Бұл оның отбасының бизнес-активтері. Ресейдегі капиталын бақылау мүмкіндігі болмағанымен, Қазақстан ішінде Қожамжаровтың отбасы мүшелеріне тиесілі бизнес қысымға ұшырай бастады.
Мәселен, Қожамжаровтың бауыры Дулат Қожамжаров иелік ететін «Hill Corporation» зауытына қатысты биыл сәуірде бәсекелестікті қорғау агенттігі тергеу бастады. Компанияның 624 млн теңгеге «Қазақстан темір жолымен» заңсыз келісім жасағаны анықталып, активтері бұғатталды.
Одан бір ай бұрын Шымкент маңындағы 54,7 гектар жер «Hill Invest» компаниясынан мемлекет меншігіне қайтарылды. Компания бұл жерге заңсыз мұнай өңдеу зауытын салмақ болған. Оның басшысы Қайрат Қожамжаровтың тағы бір бауыры Қуат Қожамжаров еді.
Қожамжаровтың балаларына тиесілі «Astana Real Estate Management» компаниясы да «Жаңа Қазақстанның» назарында тұр. Компания Елордадағы ірі бизнес-орталықтарды жалға берумен айналысады.
Сарапшылардың айтуынша, Дүйсеновтің побегі және айналасындағылардың тергеуге алынуы Қожамжаровтың тағдырын шешуі әбден мүмкін.