Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Ertenmedia.
Президент өз құттықтауында мұсылман жұрты үшін айрықша саналатын мейрамның рухани мән-маңызын ерекше атап өтті.
«Ардақты ағайын! Құрбан айт жүректерге мейірім ұялатып, жандарды жақсылыққа жетелейтін ізгі мереке. Бұл күндері халқымыздың бойындағы қайырымдылық, бауырмалдық пен мейірбандық сияқты асыл қасиеттер қайта жандана түседі. Ата-бабамыздан жалғасып келе жатқан дәстүр бойынша айт кезінде мұқтаж жандарға қол ұшын созу, көмек көрсету әрбіріміздің адами парызымыз», – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы ел бірлігінің берік болуы дәл осындай адамгершілік құндылықтармен байланысты екенін атап өтті.
«Құрбан айт ел-жұрттың бір-біріне деген шынайы сыйластығы мен қамқорлығының, ырысты ынтымақтың айқын көрінісі. Біздің қоғам тұрақтылық пен татулықтың қадірін біліп, сындарлы сәттерде әрқашан бір-біріне демеу болып келеді. Бұл біздің ең үлкен жетістігіміз. Әділетті, қуатты әрі қауіпсіз Қазақстанды құру үшін әр азаматымыздың тілек-ниеті, ізгі дұғасы қабыл болсын! Әр шаңыраққа амандық, бақ-береке, молшылық тілеймін. Айттан айтқа аман-есен жетейік!» – деді Президент өз сөзінде.