Атырау облысында Президент Жолдауындағы стратегиялық бағыттарды түсіндіру үшін арнайы кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев пен Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысты. Облыс орталығында өткен шараға барлық деңгейдегі әкімдер, мәслихат төрағалары, мемлекеттік органдардың басшылары және қоғамдық кеңес мүшелері жиналды, деп жазады Ertenmedia.kz.
Жиынды облыс әкімі Серік Шәпкенов жүргізді. Ол сөз басында Мемлекет басшысының Жолдауы ел үшін бағыт-бағдар беретін құжат екенін атап өтіп, онда көрсетілген бастамалардың әр өңір үшін нақты міндетке айналғанын айтты.
Әкім өз сөзінде Атырау облысында Жолдаудағы тапсырмаларды орындау бағытында қандай жұмыстар жасалып жатқанын қысқаша баяндады. Экономиканы әртараптандыру, әлеуметтік нысандар салу, инфрақұрылымды жаңарту, кәсіпкерлікті қолдау сияқты бағыттар бойынша нақты жобалар қолға алынғанын еске салды.
Кездесу барысында аудан деңгейіндегі жоспар да назардан тыс қалмады. Мақат ауданының әкімі Азамат Мәмбетов мінберге шығып, ауданның даму жоспары туралы айтты. Ол жаңа өндірістік жобалар, жол мен инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік саланы дамыту бойынша қолға алынған бастамаларды таныстырды. Мақат сияқты мұнайлы аудан үшін тек шикізатқа сүйенбей, қосымша бағыттарды дамытудың өзекті екені айтылды.
Жиында ардагерлердің де даусы естілді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов сөз алып, Мемлекет басшысының басым бағыттарын орындау үшін өңірде нақты шаралар атқарылып жатқанын атап өтті.

Ол бір жағынан жасалып жатқан жұмыстарға қолдау білдірсе, екінші жағынан Президент кеңесшісіне өңірдің дамуына қатысты бірнеше ұсынысын жеткізді. Инфрақұрылым, жастар саясаты, ауылдық жерлердегі әлеуметтік жағдай сияқты мәселелер көтерілгені айтылды. Ардагерлердің пікір айтуы – жергілікті басқару мен қоғам арасындағы байланыстың бар екенін көрсететін жайт.
Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жолдауда белгіленген басым бағыттарды тиімді іске асыру үшін тек жекелеген шешімдер емес, барлық салада жүйелі және үйлесімді жұмыс қажет екенін айтты.
– Жолдауды тек қағаздағы құжат ретінде емес, күнделікті жоспар мен атқарылатын істің негізі ретінде қабылдау керектігін меңзеді. Әр басқарма, әр аудан, әр деңгейдегі әкім өз учаскесінде нақты нәтиже көрсетуге тиіс, – деп ойын ортаға салды.
Жиында өңірдің даму бағытын тағы бір мәрте ой елегінен өткізуге мүмкіндік берді. Президент Жолдауы орталықта айтылған саяси құжат, ал оны нақты іске айналдыратын өңірдегі осындай кездесулер мен сол жерде қабылданған шешімдер. Атырауда өткен бұл жиын да сол тізбектің бір бөлігі ретінде Жолдауды түсіндірумен қатар, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуді көздеді.

