Маңғыстаудың Тобықты жерінде Бекет ата Мырзағұлұлының 275 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шаралар өтті. Мерейтойға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтау хат жолдап, Бекет атаның ел руханиятындағы орнына тоқталды. Аймақ басшысы Нұрдәулет Қилыбай хатты халық алдында оқып беріп, бұл мерейтойдың тарихи ғана емес, рухани сабақтастықты нығайтатын шара екенін атап өтті, деп жазады Ertenmedia.kz.
Президенттің құттықтауында Бекет ата халқының дүниетанымын кеңейткен, елге ұстаз болған тұлға ретінде сипатталды. Оғыландыдағы жерасты мешітін және осы аймақтағы киелі нысандарды ЮНЕСКО тізіміне енгізу үшін нақты жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бұл бастама қазақ руханиятының халықаралық деңгейде мойындалуына бағытталған қадам. Ұрпаққа мирас етілетін құндылықты сақтау парыз, деген сөздер жиынға қатысушылар арасында ерекше қабылданды.

Мерейтойға Қазақстаннан ғана емес, шетелден де қонақтар келді. Парламент депутаттары, зиялы қауым, мәдениет қайраткерлері және жастар киелі жерге жиналып, Бекет атаның тұлғасына құрмет көрсетті.
Зиярат Шопан ата мен Бекет ата мешітінен басталып, ұлттық спорт сайыстарымен жалғасты. Тай жарысы, аламан бәйге, қазақ күресі мен гір көтеру секілді сайыстар көпшіліктің назарын аударды. Ұлттық рухты сезінуге мүмкіндік берген осы шараға жүзден астам киіз үй тігілді, ас берілді.
Екі күнге созылған мерейтойға он мыңнан астам адам жиналды. Маңғыстаудың тарихында сирек кездесетін осындай жиын халықтың тарихи жады қайта жаңғырғанын көрсетті.

«Ойталқы» алаңында елдік пен бірлік, рухани сабақтастық туралы пікірлер айтылып, ұлтқа қажет ойлар ортаға салынды. «Маңғыстау машайықтың басқан жері» атты концерт пен «Әулиелер әуезі» өнер кеші шараның мазмұнын тереңдете түсті.
Мерейтойдың демеушілер есебінен ұйымдастырылғаны да назар аудартты. Бұл халықтың өз рухани мирасына деген құрметінің нақты көрінісі. Шараға қатысқандардың айтуынша, Бекет ата есімі тарихта ғана емес, жүректерде сақталып келеді.


