Алматының Алатау аудандық соты «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының экс-басшысы Талғат Ермегияевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін қанағаттандырмады.
Ол 14 жылдық жазасының қалған бөлігін түрмеде өтейтін болды деп жазады Ertenmedia.
Сот отырысында қылмыстық-атқару мекемесінің өкілдері Ермегияевтың тәртіпті әрі қоғамдық жұмысқа белсенді қатысқанын атап өтті. Тіпті оның үлгілі мінез-құлқы үшін сегіз мәрте марапатталғаны айтылды.
Бұған қоса, экс-шенеунік мемлекетке келтірген шығынның бір бөлігін, яғни 935 млн теңгені өтеген.
Алайда прокурорлар бұл соманың мерзімінен бұрын босауға негіз бола алмайтынын айтып, Ермегияев келтірген шығынды толық өтемеді деген ұстанымда қалды.
Нәтижесінде сот прокурордың пікірін негізге ала отырып, Ермегияевтың өтінішін кері қайтарды. Сот шешімі әлі заңды күшіне енген жоқ және тараптар апелляциялық шағым түсіре алады.
Қазіргі уақытта Талғат Ермегияев өзіне белгіленген 14 жылдың тоғыз жылын өтеді. Заң бойынша, жазасының үштен екі бөлігін өтеген соң, сотталушы мерзімінен бұрын босатуды сұрай алады.
Осыған дейін Ермегияевтың ұлы Мәди Ермегияев президент Тоқаевқа ашық хат жазып, әкесінің кінәсіз екенін айтып, істің қайта қаралуын сұраған болатын.
2016 жылы сот Талғат Ермегияевты қызметін асыра пайдаланып, 780 млн теңгені мемлекет қазынасынан жымқырды деп таныған.
Маусым айының басында Ермегияевтың адвокаттары Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «ЭКСПО ісінде» әлі толық зерттелмеген, мұқият тексеруді қажет ететін көптеген мәселе бар екенін мәлімдеген еді.